Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов «Antikor » орталығында жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін сыртқы талдау бойынша кеңес өткізді.
Талдау үш жергілікті атқарушы органда, атап айтқанда, мемлекеттік еңбек инспекциясында, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында, қалалық жұмыспен қамту бөлімінде жүргізіледі. Шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 2021 жылға арналған республикалық деңгейдегі жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.
– 2019 жылғы алғашқы талдау нәтижелері бойынша жасалған ескертулер толық орындалмаған. Мүгедектер техникалық оңалту құралдарының 55 түрінің 24-іне ғана қашықтан тапсырыс бере алады, – деген Жарқын Сайлауұлы басқа да біраз кемшіліктерді тізіп шықты. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, жалған жұмыс орындарын ресімдеу мысалдары аз емес. Тексеру комиссиясының ақпараты бойынша, өңірде Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру кезінде жалпы сомасы 250 миллион теңгенің бұзушылықтары анықталған.
Талдау жұмыстары осы жылдың 17-ші наурызынан 15 сәуіріне дейін жүргізіледі. Шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары мен өзге де сарапшыларды тарту көзделген.
Ведомоство басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауға қатысуға, осы саладағы заң бұзушылықтар туралы ақпараттарды sko94@list.ru электронды поштасына хабарлауға шақырды. Жарқын Ғалымов «Antikor» сервистік қызметіне түрлі мәселелерін айта келген үш адамды қабылдап, түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті органдарға ұсынымдар берді.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің
бас маманы.