«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Наурыз мейрамына орай «Ақ бата – асыл мұра» атты бата беру байқауы өтті.

Ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету, жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған облыстық байқауға Петропавл қаласы мен Тайынша, Мамлют, Есіл, Аққайың, Уәлиханов, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген үміткерлер қатысты. Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Амангелді Кенжеғозинов бастаған қазылар алқасы қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл сайыстың маңызына тоқталды.
«Сәлем – сөздің анасы» демекші сайыстың алғашқы кезеңінде батагөйлер өздерін таныстырса, екінші айналым «Тәуелсіз елге бата» айдарымен жалғасын тапты. Соңғы турда қатысушылар еркін тақырыпта бата беріп, бақтарын сынады. Бұл шара ұлтымыздың ұлы құндылықтары мәдениетіміздің қайнар көзі екенін дәлелдей түсті. Ал ата-баба мұрасын мирас етіп, дәстүрді дәріптеген батагөйлердің байқауға дайындығы мығым. Зерлі шапан, кәмшат бөрік киіп сайыстың ажарын аша түскен олар бір-бірінен қалыспай, оза шапты. Әсіресе, петропавлдық Қанат Нәбиев, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан қатысқан Шари Сабақұлы, Нұржан Аскандировың жүйелі батасы ізгі ниет, ыстық ықыласқа толы.
Уа, Құдай мініңді білер,
Жауыңнан сақта.
Шешілмейтұғын дауыңнан сақта,
Сиыңды білмес, елшіден сақта.
Сұқтанып қарар, көршіден сақта,
Күлімдеп кіріп, күңірентіп шығар.
Досыңды арбап, жауыңа жығар,
Сырыңды алып, сыртыңнан бағып.
Көмескі қағып, көзінше жағып,
Ет пен терінің арасындағы,
Екіжүзді шайтаннан сақта, – деп терең мағыналы бата берген Шари Сабақұлының әр сөзі жүрекке жетті. Байқау қорытындысы бойынша Нұржан Аскандиров 1-орын алса, Қанат Нәбиев 2-ші, ал Уәлиханов ауданынан қатысқан Қайрат Бейсенов 3-ші орындарға ие болды. Ал Шари Сабақұлы үздік батагөй атанды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp