Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық құтқарушылар көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды пысықтап, төтенше жағдайдың алдын алуға дайындық үстінде. Ондағы мақсат – өңір тұрғындарын тасқын судан төнген қауіптен қорғап, дүние-мүліктерін сақтау. Алдын ала болжам бойынша облыс аумағындағы тоқсанға жуық ауылды су басуы мүмкін. Сондықтан қауіпті аймақта тұрып жатқан азаматтар сақтық шараларын білгендері жөн.
Қауіпсіздік ережесін ұстанған жағдайда су тасқынының салдарын жеңілдетуге болады. Атап айтқанда, көктемде қар ери бастаған кезде, қолайсыз ауа райында немесе сел жүре бастаған кезде өзен жағалауына аялдауға болмайды. Су қоймасы бөгетінің және өзендердің жанында орналасқан саяжайға барудан бас тартқан жөн. Өзендердің үстінен өтетін терең және кең жырадан, каналдардан, орлардан және басқа да конструкциялардан өтуге тыйым салынады. Жазатайым оқиға болмау үшін белгісіз жерлерден, өзендердің, арықтардың, басқа да мұздың үстімен жүрмеңіздер. Әр ата-ана бұл уақытта балалардың өзендердің, қазаншұңқырлардың, терең жыралардың жанында ойнауына рұқсат бермеулері тиіс. Балықшылар да су деңгейі толық түскенге дейін балық аулаудан бас тартқандары жөн.
Егер өзен тасыған кезде құнды заттарыңыздан айырылғыңыз келмесе, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз! Су тасқыны мен су басу қаупі туралы дабылды естіген жағдайда биік жерлерді, өзіңіз тұратын орынға жақын орналасқан әрі сирек су басатын дөңдерді паналауға болады. Сондай-ақ, сол жерлерге апаратын қысқа жолды біліп алыңыз және есте ұстаңыз. Эвакуациялау болған жағдайда бірінші кезекте өзіңізбен бірге алатын құжаттардың, мүлік пен дәрілердің тізімін алдын ала жасаңыз. Жылы киімдерді, тамақтарды, суды, сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді арнайы қапшыққа салып қойыңыз. Қайық пен басқа да жүзу құралдарын дайындаңыз. Оларды су алып әкетпеуі үшін міндетті түрде байлап қойыңыз.
Су тасқыны мен су басу қаупі туралы дабыл болған кезде суды, газды және электр тогын өшіріп, жанып тұрған пешті сөндіріңіз. Егер уақытыңыз жеткілікті болса, құнды заттар мен мүліктерді, тұщы су қорын және ұзақ мерзімге сақтауға келетін консервіленген тағамдарды үйдің жоғары қабатына немесе шатырына тасып шығарыңыз. Бірінші қабаттағы барлық есік-терезелерді жауып, оларды тақтаймен немесе фанерамен шегелеген жөн. Өзіңізбен бірге алатын құжаттар, ақша, бағалы заттар, медициналық қобдиша, жылы киім мен аяқкиім, үш күнге жететін тамақты сөмкеге салып, қауіпсіз ауданға көшу үшін белгіленген уақытта эвакуациялық жинақтау пунктіне жетіңіз.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.