Құқықтық статистика органдары үш түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның ішінде прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою қызметінен басқасын “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы онлайн алуға болады. Ресми құжаттарға апостиль қою қызметіне 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығы алынады. Қалған қызметтер тегін. Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтаманы үйден шықпай-ақ, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы www.egov.kz веб-порталы немесе азаматтардың мобильдік қорына тіркелген ұялы телефон арқылы алуға болады. Қызмет көрсетудің ең аз мерзімі – 10 минут, қосымша тексеру қажет болған кезде 5 жұмыс күніне дейін ұзартылады.
Мемлекеттік корпорация арқылы дайындалған апостиль қойылған қағаз форматтағы соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама алу үшін “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда мемлекеттік корпорация филиалының мекенжайы таңдалады. Апостиль қойылған анықтаманы алған кезде мемлекеттік баж салығын онлайн режімінде төлей алады.
Мұрағаттық анықтама алу үшін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына өтініш беруге немесе веб-портал қызметіне жүгінуге болады. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжат, туыстарға ақпарат алған кезде туыстық қарым-қатынасын айғақтайтын құжат, қызмет алушы басқа тұлғаның мүддесін білдірген кезде нотариат куәландырған сенімхат болуы шарт.
Прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою мемлекеттік қызметі бойынша мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне жүгінген кезде 5 жұмыс күні, басқа филиалдарда 10 жұмыс күні мерзімінде істеледі.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі
комитеттің облыстық басқармасы.