Отбасының ұйытқысына айналып, шаңырағына шаттық сыйлаған әр ана құрметке лайық. Бұл орайда, отбасына ғана емес, айналасындағы адамдарға жылу, қуаныш сыйлап отырған Ұрқия Рысбаева сынды алтын құрсақты аналарды мақтан ету парыз.
Бүгінде “Батыр ана” Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында тұрады. Отбасымен бақытқа кенелген кейуана саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты жан. “Қариясы бар үйдің қазынасы бар” демекші, жасы тоқсанға таяған ақ жаулықты ананың өмірде көрген қиындығы аз емес. Бірақ өткенге өкінуді білмейтін ол өмірдің әр белесі адамды шынықтырып, тәрбиелейтінін айтты. Сондықтан балаларын өмірдің кейбір сәтсіздіктеріне мойымауға, құласа да қайта тұруға үйретті. Ұлдарын шыдамдылыққа, сабырлылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Өзі де балаларына әлсіздігін ешқашан көрсеткен емес. Жұбайы Қапез Рысбайұлынан ерте көз жазып қалғанда жігерлі ана жеті баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Кездескен қиындыққа, өмір тауқыметіне мойымай алға ұмтылып, қатарынан қалдырмады. Қысы-жазы қырманда, фермада еңбек еткен Ұрқия апамыз ешқашан еңбек етуден қашқан емес. Балаларының қамы үшін бір сәт те дамылдаған жоқ.
Ауыл-аймаққа қадірлі, ағайын-туысқа сыйлы Ұрқия апамыз кісіліктің көркем келбетіне қылау түсірмеген. Әзілге де жақын. Қасындағы жұртты қыран-топан күлкіге қарық қыла жүріп, жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын көңілі кең жан. Оның орындауындағы әсем әндерді айтсаңшы. Халық әндерін нақышына келтіре орындағанда көпшілікті таңдай қақтырады.
Қазіргі таңда Ұрқия әже ұлы Алпамыс пен келіні Үміттің ыстық ықыласы мен қамқорлығына бөленіп отыр. Жетімдіктің, жесірліктің, жоқшылықтың зардабын тартқан қарияға ауылдастарының да құрметі ерекше. Келіндері де ененің өмірлік тәжірибесінен өнеге алуда.
Гүлнәр ӨТЕЕВА.
Мағжан Жұмабаев ауданы,
Сарытомар ауылы.