Халқымыз үшін бата мен тілектің орны ерекше. Дүниеге келген әрбір сәбидің аты зор талғаммен, терең мағынамен таңдалып қойылады. Нәрестенің балалық шағы мен болашағы қайғы-қасіретсіз болуы үшін аузы дуалы ақылгөй қарияға ат қою мәртебесі беріліп, оның батасын алу игі дәстүрге айналған. Батагөй қарт “құлынның өсіп, тай болуын, төрт түлігінің сай болуын” тілеп, “бақыт бесігінде тербелсін”, деп бата береді.
Жалпы қазақта батаға зор мән берілген. “Бата тиеді, бата тимесе қате тиеді”, деп ата-бабамыз балаларды оған құлақ асуға тәрбиелеген.
Тілек айтудың бұл түрі қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде де қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін баталар халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті.
“Дастарқандарыңа
береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін.
Бастарыңа амандық берсін.”
немесе
“Дастарқаның тоқ болсын,
Уайым-қайғың жоқ болсын!
Бақ-дәулет берсін бастарыңа,
Ғұмыр берсін жастарыңа!
Пәле-жала, жын-шайтан
Жоламасын қастарыңа!
Аллаһу әкбар!”, –
деген баталы сөздер бұрын әр отбасында айтылатын. Алайда, соңғы кезде осынау тамаша дәстүріміз ұмытылып бара жатқандай. Өкінішке қарай, қазір не тілекті жөнді айта алмайтын, не толыққанды бата бере алмайтын қариялар қатары көбейіп кетті.
Той-томалаққа, шақырысқа барғанда киелі сөзді айтатын ақылгөй, данагөй, орақ тілді, от ауызды шешен аға ұрпақ өкілдерін тыңдағымыз-ақ келеді. Алайда, оның орнына мәні мен мағынасы таяз сөздерді естуге мәжбүрміз. Кейде бүгінгі ақсақалдарымыздың батасын тыңдап отырып, жылағың келеді. Олардың екі ауыз сөздің басын қосып айта алмайтыны былай тұрсын, дәм қайыруды, бата беруді бір-біріне сілтеп, жас ұрпақтың алдында ұятқа қалып жатқандары қаншама?!
Биылғы жылдың басында өңірімізде көк Туымыздың даңқын асырған челлендж өтті ғой. Мен осы шаралардың барлығын бірдей онлайн тамашалап, ауылдардағы ақсақалдардың берген батасын тыңдадым. Бірақ көбінің айтқаны көңілден шықпады. Тайынша ауданындағы Қантемір ауылының азаматы ғана:
“Ел іргесі тыныш болсын,
Отбасы берекелі
ырыс болсын!
Астарыңнан ат кетпесін,
Бастарыңнан бақ кетпесін!
Ағайынның аласынан сақта,
Дұшпанның жаласынан
сақта”, – деп, өз тілегі мен батасын жеткізді. Жиналған халық та риза болып, “әумин” деп тарқасты. Міне, осындай ақсақалдар қатары көбейгенде ғана өсіп келе жатқан ұрпақ та тәрбиелі болары сөзсіз.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ,
“Абайтау” ғылыми-әдістемелік-
орталығының ғылыми қызметкері.