«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тайыншалық тігінші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қолөнер – атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазынаның бірі. Ал тігін өнері – даналық пен әсемдіктің таусылмас қайнар көзі болып саналады.“Тігін тігу өнері махаббат пен сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы” деп текке айтылмаса керек. Майса Жәмішқызының қолынан шыққан көздің жауын алатын тамаша туындылары да махаббат пен сұлулықтың жиынтығы іспеттес.

Оң қолынан өнер тамған тайыншалық тігіншінің туындылары бүгінде сұранысқа ие. Ептілік пен шығармашылықты, ізденімпаздықты, талап пен талғамды, өнерге деген құлшынысты талап ететін тігін тігу екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше қасиет. Тайынша қаласында тұратын Майса Омарова міне, осындай қыры мен сыры тереңде, жауапкершілігі мол жұмысты жетік меңгеріп, көпке үлгі болуда. Отыз жылдан астам қолынан ине мен қайшы түспеген тігіншінің қолөнерге қызығушылығы бала күнінен басталған. Бұл өнер аяулы анасынан дарыған екен. Ес білгеннен анасының тігіншілікке деген сүйіспеншілігін көріп өскен Майса да осы кәсіпті өмірлік серік етті. Дизайнер мамандығы бойынша жоғары білім алып, білім-білігін де жетілдіруді ұмытқан емес.
Киімнің түр-түрін тігетін оның әр бұйымы көптің көңілінен шығуда. Талап пен сұранысқа сай жұмыс істейтін Майса тапсырылған істі тыңғылықты орындайды.
– Көпшіліктің сенімінен шығу оңай шаруа емес. Ол үшін ең алдымен асқан шеберлік керек. Тігіншілікте майда-шүйде деген сөз қолданылмайды. Біз сол болмашы дүниелерге дейін ерекше зейін қоюуымыз керек. Адамдардың талғамы әртүрлі. Сондықтан киімдер де түрлі дизайнда, әртүрлі маталардан тігіледі. Сәнді киімдерге таспа, бау, желбіршек, әдіптеу, жиектеу, көмкерме, бүрме, қатырма, безендіргіш тігістерді қолдануға болады. Әрине, әрбір істің өзіндік қызығы мен қиындығы болады, – дей келе Майса Жәмішқызы өмірін тігіншілік өнермен байланыстырғанына ешқашан өкінбейтінін жеткізді. Ол әр адамның бойындағы өнері мен қабілетін ел кәдесіне жаратып, өз кәсібін нәсіпке айналдырғанын құптайды. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын өнерпаз әр адамның киімі өзіне жарасымды, ерекше көзге түсетіндей болуы қажет екенін айтты. Бастысы жанға жайлы, жасына лайықты болғаны абзал.
– Жиындар мен түрлі отырыстарда тапсырыс берушілердің үстіндегі өзім тіккен сәнді көйлектерді көргенде көңілім көтеріліп, қуанамын. Бұл менің еңбегімнің жемісі. Өзгелерге қуаныш сыйлағаныма жаным жадырап сала береді, – дейді ол.

Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша қаласы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp