«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР МАТРАСЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам өмірінің үштен бір бө­лігін ұйқыда өткізеді екен. Денсаулық үшін пайдалы ұйқының жайлы болуы жатын орынға тікелей байланысты. Маңызды компонент матрас екені белгілі. Осы бір өнім түрі Петропавлда да шығарылады.

Тұрғындардың жайлы жатып, ұй­қысы қанық болуына атсалы­сып жүрген кәсіпорындардың бірі – “Сова” матрастар фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі.
Серіктестік бүгінде шетелден әкелінетін тауарға бәсекелесе алатын өнім шығарып, нарықта өз орнын тапты десек, артық айтпаспыз. 2010-2017 жылдар аралығында жиһаз өндірісімен айналысқан. Нақтырақ айтқанда, ас бөлмелеріне арналған жиһаздар облысымызда ғана емес, көрші өңірлерде де жоғары сұранысқа ие болған. Алайда, қай кәсіп болсын бір дамуды, өзгерісті талап ететіні рас. Сол себепті серіктестік директоры жаңа қадамға барып, бизнесін басқа арнаға бұруға бел байлайды. Нәтижесі – өңірімізде ашылған матрас жасау цехы.
Фабриканың атқарушы директоры Арман Ареновтың айтуынша, алғашында бұл істі жүзеге асыру қиынға соққан. Дегенмен, тың бастаманы соңына дейін жеткізу жолында аянбаған. “Біз айналдырған жеті жылдың ішінде жиһаз жасауда биік белестерді бағындырдық. Бірақ бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар жетерлік. Нарықта бәсекелестік жоғары. Осындай қиын уақытта фирма басшылығы мың ойланып, жүз толғанып жаңа өндіріс ашуға бел буды. Нәтижесінде “Сова” матрастар фабрикасы” ЖШС-і құрылды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 40 млн. теңге несие алдық. Жылдық мөлшерлемесі 14 пайыз болса, оның 6 пайызын өзіміз өтейміз. Ал қалғанын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы субсидиялады”, – дейді Арман Аренов.
Жаңа өндіріске қажетті техника Ресейден жеткізіліпті. Серіктестік тігін машиналарын, темір серіппелер жасауға арналған қондырғылар сатып алған. Бұған дейін тек жиһаз шығарып келген фабриканың мамандары алғашында матрасты қалай жасау керектігін білмеген. Сондықтан көрші елден келген мамандар небәрі бірнеше аптаның ішінде қызметкерлерді жұмыс істеуге үйретті.
Бүгінгі таңда фабрика матрастың үш түрін шығарады. Біріншісі – серіппелі (эконом санатына жатады), екіншісі – серіппесіз және үшіншісі – ортопедиялық матрас. Кәсіпорын айына екі мыңға жуық дайын өнім шығарады. Тауарды әзірлеу үш негізгі кезеңнен өтуі шарт. Ол туралы өндіріс бөлімінің басшысы Евгений Кобрин әңгімелеп берді. “Ең алдымен серіппенің блоктарын жасаймыз. Олар матрастың көлеміне сай етіп жинақталады. Келесі цехта қызметкерлер оның формасын келтіріп, поролон сынды жабдықтарын кесіп дайындап береді. Кейін тігіншілер барлығын қосып тігеді. Әрине, мата түрін матрастың санатына байланысты таңдаймыз. Ішіне поролон материалын саламыз. Әр матрастың ұзындығы мен ені әр түрлі болады”, – дейді маман.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Басым бөлігі – ер-азаматтар. Айлық еңбекақы 100 мың теңгені құрайды. Серіппе жасау цехының маманы Радик Есеналиев өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруға тырысатынын тілге тиек етті. “Фабрикада жұмыс істеп келе жатқаныма екі жылдан асты. Өзім әскери қызмет атқардым. Бірақ денсаулығымның нашарлауына байланысты мамандығымды ауыстыруға тура келді. Еш өкінбеймін. Күнделікті жұмысым – серіппе жасау қондырғысын қадағалау. Қиын емес. Жалақы да уақтылы төленеді. Пандемияға байланысты енгізілген карантин кезінде жұмысымыз бір тоқтаған жоқ. Тіпті, сыйақы да беріліп жатты”, – дейді цех жұмысшысы.
Өткен жыл кәсіпорын үшін жеңіл болған жоқ. Коронавирус салдарынан жергілікті фабриканың өнімі саудаланатын дүкендер жұмысын тоқтатты. Салдарынан дайын тауар сатылмай қалды. Алайда, фабрика қызметін тоқтатпады, матрас шығару ісін жалғастыра берді. Яғни, қашықтан сауда-саттық жүргізу әдісіне көшті. Әлеуметтік желілер арқылы өнімді жарнамалап, бизнестері өрге басты. Жаңа кәсіпті бастар кезде мемлекеттен қолдау көрген серіктестік тағы да жеңілдетілген несие алуға шешім қабылдаған. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасына жүгініп, бұл жолы алған 110 млн. теңгені құрал-жабдықтарды жетілдіруге, матрас жасауға қажетті шикізат сатып алуға жұмсаған.
Бүгінде серіктестіктің өнімі, негізінен, Петропавл мен Ақтөбе қаласында саудаланады. Бұдан бөлек, Қазақстанның өзге өңірлерінен сұраныс болса жеткізіп береді. Қызылжар матрастарының ре­сейлік баламасынан көп айырмашылығы жоқ. Бір ерекшелігі – отандық өнімнің бағасы көрші елдікінен екі есе арзан. Ал сапасы бір кем емес. “Сова” брендімен танылған матрастардың 2018 жылы “Қазақстанның үздік тауары” байқауында жеңіске жетуі – бұл сөзімізге дәлел.

Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp