1972 жылы 26 қазанда ақын Ахметжан Нұртазин баласы Қайратты, белгілі әнші Жарман Рақымовты ертіп, Мәскеу ауданы (қазіргі Есіл ауданының) Ақтас ауылындағы ел-жұртқа сыйлы Төлебей Сыздықовтың (Ләй) үйіне түседі. Өңірімізге белгілі айтыс ақынының келгенін естіген ауылдың кәрі-жасы түгел жиналады. Әуелете шырқалған әндерді ұйып тыңдап, таң ата тарқасады.
Ахметжан Нұртазин демалуға менің қайын атам Мәкеннің үйіне келеді. Енем Күләндамның қонақ күту рәсіміне риза болғаны соншалық, мына жыр шумақтарын табанда суырып салып айтқан екен.
Қонақ боп Ләйдің бүгін дәмін таттым,
Көрдік біз ойын-тойдың жан рақатын.
Ол үйде қариялар жатқаннан соң,
Үйіне келіп қондық Мәкен қарттың.
Қайысып құс төсекті көтереді,
Жастықты түйіп қалып төпеледі.
Егерде салақ үйдің жүгі болса,
Аспанға шаңы шығып кетер еді.
Секілді үйдің іші сырлы қасық,
Таңырқап тұрар адам аузын ашып.
Төселген түрлі кілем, кірсіз сәкі,
Жүрерсің шіркіндерді қалай басып?
Жеңгейдің жайлап салған төсегінде,
Ұйқының түгендедік есебін де.
Шала ұйқы болып жүрген едік,
Созылып ойын-сауық неше күнге.
Таза үйде тәтті ұйқыға еркін батып,
Қалыппыз түске дейін ұйықтап жатып.
Жанымыз рақатқа батқан екен,
Төсектен құлыншақтай тұрдық атып.
Қымызы Күләндамның балдай тәтті,
Иісі мұрын жарар қандай бапты.
Жұтқанда жұтқыншақтың жаны кіріп,
Жүрекке жылы тиіп барып жатты.
Гүлнәр БЕЙСЕНОВА,
ардагер ұстаз.