Қазақ халқы жыл басы – Ұлыс күнін қашанда қасиетті, киелі санаған. Мифологиялық түсінік бойынша, жастар 21 наурыз түні аспаннан жерге түсетін ырыс-бақтың пірі – Қыдыр атаға жолығысып қалуға асығып, таң шапағын қарсы алған. “Ақсүйек” ойнап, “Алтыбақан” тепкен. Үлкендер болса арықтарды тазалап, ағаш-тал егу сияқты өнімді қарекеттермен айналысқан. Әйелдер жағы таза, жаңа киімдерін киіп, наурызкөже, тағы басқа тәтті тағам мәзірлерін дайындаған. Ақ дастарқан жайылып, Наурыз мерекесімен бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер арнаған. Қателіктеріне кешірім сұрап, кең пейіл танытқан. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, ақысыз-пұлсыз сауапты істер атқарған.
Менің ойымша, қазір ата-бабаларымыз қалыптастырған сол дәстүрлерден алшақтап, тарихи маңызын көзден тасада қалдырған сияқтымыз. Көбіне киіз үй тігіп, қазан көтеріп, еш мағынасыз ырду-дырду той-домалаққа үйір болып, сыртқы жағын ғана қызықтап кеткен сияқтымыз. Ал танымдық, үлгілік тұстары ұмыт қалғандай әсер қалдырады. Сондықтан халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, санаға берік орнықтыру керек. Оның айшықты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Әз Наурызды атап өту кезінде бірреттік іс-шаралармен шектелмей, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекемдене түспек.
Кейде көшелерде, өзен-көлдердің жағалауларында шашылып жатқан күл-қоқысты көргенде қасиетті жеріміздің иесі жоқтай көрінеді. Сондықтан волонтерлер жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шараларға бастамашы болып, озық дәстүрлерімізді жандандырса деген жүрекжарды тілек білдіргім келеді.
Самал ҒАББАСОВА,
Петропавл қалалық №7 орта мектептің мұғалімі.