“Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады” дейтін қазақ бәйгеге қосар атты жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығатын жануарды алыстан таниды. Бүгінде қыл құйрықтыға қызығатын қалталы азаматтар көбейгенмен, мықты атбегілердің қатары әлі де сирек. Өңірімізге белгілі атбегі – Мақсат Азбаевпен әңгімелесіп, ата-бабамыздан мирас болып жеткен бекзада өнердің қазіргі жай-күйіне қанықтық.
Атам қазақ аттың жалында өскендіктен жылқының сын-сипатын, күтімін бес саусағындай білген. Тайынша ауданындағы Аққұдық ауылының тұрғыны Мақсат Азбаев та бала күнінен асау тізгіндегендер қатарынан. Ол атбегілік өнер қанмен даритын қасиет деп біледі.
– Менің атам Қалиақпар Азбаев бәйге алатын атты алыстан танитын. Өзі де тұлпар баптады. Өмір бойы аттан түскен жоқ. Мені бала кезімнен атбегілік өнердің қыр-сырына үйретіп, қызығушылығымды оятты, – дейді Мақсат Қажығалиұлы.
Атаның тәрбиесін өн бойына сіңіріп өскен ол мектепті бітірісімен “Спорт және туризм” мамандығына оқуға түседі. Бұл саланы болашақта ат спортын дамытып, демалыс орындарын ашсам деген оймен таңдаған. Оқуын тамамдаған соң ауылдағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Балаларды атбегілік өнерге де баулиды. “Құлан” бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие ресімдеп, 24 бас жылқы сатып алып, шаруашылығын да дөңгелетіп отыр.
– Атбегілік – үлкен өнер. Бұл өнерден айырылып қалсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, футболда жаттықтырушы табылмаса, оны шетелден алдыртуға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Өкінішке қарай, қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал жас жігіттердің көпшілігі әлі жетік білмейді, – дейді ол.
Айтуынша, жүйрікті жаратудың тәсілдері сан алуан. Бәрін бір әдіспен баптауға болмайды. Мақсат Қажығалиұлы қарашадан қаңтарға дейін атты семіртеді. Көп мінбейді де. Ал қар ери бастағаннан 10-15 шақырымға дейін желе шоқытып, бірте-бірте майынан арылтады. Жүйріктің терін алу, суыту, таң асыру әдістерінің де өз реті бар. Дұрыс суымай, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылады екен. Жүйріктің күші – етінде. Өрге қарай шауып, аттың бұлшық етін шынықтырады. Атбегі жылқының жанарына бір қарағаннан-ақ жануардың қандай күйде екенін аңғаруы тиіс. Сонымен қоса тілін біліп, оның пысқыруынан және қимылынан-ақ көп жайтты байқауы қажет.
Мақсат Қажығалиұлы соңғы уақытқа дейін “Тұлпар” ат спорты клубының Тайынша ауданындағы филиалында жасөспірімдерді ұлттық спорт түріне машықтандырса, бүгіндері “Арғымақ” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аққұдық ауылындағы бәйге және жамбы ату бөлімшелерінде еңбек етуде. Жиырмаға жуық жасты ұлттық спортқа баулып, атбегілік өнердің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Өңірімізге есімі белгілі атбегінің бағындырған биіктері де аз емес. Атап айтқанда, оның тұлпарлары талай бәйгенің алдын бермеді. Мәселен, 2014 жылы Көкшетау қаласында өткен Ақмола облысы ат спорты маусымының ашылуында “Чемпион” есімді құнаны екінші орынды еншілесе, 2016 жылы Павлодардағы ел біріншілігінде “Фаворит” атты тұлпары үздік үштікті түйіндеді. Бір жылдан кейін ұйымдастырылған маусымашарда “Алан” мәреге бірінші келді. 2018 жылы астанада жалауы желбіреген “Ұлы дала ойындары” республикалық фестивалінде облыс құрамасының жалпыкомандалық үшінші орынға ие болуына Мақсат Азбаевтың қосқан үлесі зор.
Мақсат Қажығалиұлы – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Аңшылықпен және тазы асыраумен айналысады. Саятшылық – сүйікті кәсібі. 2017 жылы “Құлагер” ипподромында “Қансонар” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республикалық көрмеде Мақсат Азбаевтың “Басар” атты тазысы екінші орынға ие болды.
Жігіттің үш бақыты бар. Ол – мінген аты, алғыр тазысы және сүйген жары. Бұл атам заманнан бері келе жатқан түсінік. Мақсат Азбаевта бұл аталғандардың үшеуі де бар. Демек, ол –нағыз бақытты жан.
Қанат АТАМАНОВ.
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: атбегі Мақсат Азбаев ұлымен бірге.