«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫДЫР АТА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлыстың ұлы күнінің негізгі нақыштарының бірі – Қыдыр ата образы. Ертеректе қазақ халқы наурыздың 21-інде ен даланы Қыдыр ата аралап, ақ батасын береді дегенге сенген. Бұл игі дәстүріміз қазіргі уақытта да маңызын жойған емес.

Қыдыр баба – қазақ елі тәуел­сіздігін алған соң қайта жаңғырған тарихи, әдеби бейне. Зерттеу жұмыстарында, этнографиялық мәліметтерде Қыдыр атаның қоғамдағы рөліне жоғары баға берілген. Қазақ халқы оны ел аралайтын көріпкел әулие, қамқоршы, бақ-дәулет сыйлаушы, қасиет иесі, кемеңгер ретінде көреді. Қыдыр ата наурыздың 21-жұлдызында жер-жерді шарлап, әр шаңыраққа соғып, бата береді. Сондықтан ата-бабадан сақталған дәстүр бойынша қазір де қазағымыз Қыдыр атаның жолын күтіп отырады. Жұртшылық бұл кездесуге ерекше дайындалады – өздерінің жан-тәндерін тазартып, үй іші мен сыртын, киімін, ыдысын жуып, әулиені қарсы алуға, батасын алуға әзір отырады.
Қыдыр атаның Наурыз мерекесіндегі орны ерек болғандықтан, оның образын да тиісті деңгейде сомдау қажет. Жыл сайын көктем мерекесінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы қалалықтар мен қонақтарға мерекелік шаралар әзірлейді. Актерлеріміз ашық алаңдар мен мәдениет сарайларында Қыдыр ата бастаған қазақтың би-шешендерін, хан, сұлтандарын, ақын, батырларын қайта түлетіп, сахнаға шығарады. Біз салтымызды дәріптеп, ұлттық мейрамды ежелден сақталған дәстүрге негіздеп тойлап, үлгі көрсетеміз. Мұндай шаралардың көрермен көңіліне рухани сәуле төгіп, рухын тіктеп, жанын жадырататыны сөзсіз. Аталған мерекелік қойылымдағы бас кейіпкер – Қыдыр бабамызды сомдау соңғы жылдары маған бұйырып жүр. Бұл – жылына бір рет орындалатын рөл болғанына қарамастан, оған барынша әзірленемін. Бірінші кезекте әдебиеттерден, зерттеулердегі мәліметтен Қыдыр атаның түр-келбеті, киімі, жүріс-тұрысы жайлы ақпаратты іздейміз. Бұл аңыз образ, сондықтан оны сол аңыздарда сақталған түрде жеткізе алуымыз керек. Мәселен, кейбір ақпаратта Қыдыр атаның жасыл шапан киетіні айтылады, өзгесінде, аң-құс бейнесінде келеді дейді, енді бірінде аппақ киіммен жүретіні жайлы жазылған. Біз осының бәрін сараптап, қазақтың бөркі мен ақ шапанын жамылған Қыдыр ата образын көрсетуді құп көрдік. Қазір жұртшылық оны жақсы қабылдап жүр.

Дулат ТАШКЕН,
Сәбит Мұқанов атындағы
облыстық қазақ сазды- драма театрының актері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp