Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып жеткен Наурыз мейрамына орай Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарына Ақан сері атындағы облыстық филармонияда екі күн қатарынан «Наурыз – думан» тақырыбындағы концертін ұсынды.
Түркештің «Көңілашар» күйімен шымылдығы түріліп, Евгений Брусиловскийдің «Шашуымен» жалғасқан концерт барысында тәтті-дәмдіден шашылған шашу көрерменнің көңілінен шығып, тойдың басталғанын паш етті. Дәл осы мезетте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова жетекшілік ететін «Әдемі-ау» ансамблі – биден, ал Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров дирижерлік жасайтын оркестр күйден шашу шашып, көңілдерді жадыратып сала берді. Филармония әншісі Ғалымжан Нұрпейісовтың орындауындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Қайырлы Ғафуровтың әні мен сөзіне жазылған «Наурыз – тілек» әні жиналғандарға ақжарма бата болып төгілді. Айта кету керек, автордың студент кезінде дүниеге келген туындысының бүгінде танымалдығы артып келе жатқан көрінеді. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Сазген сазы» фольклорлық-этонографиялық ансамблі, Ақмола облыстық филармониясы да осы әнге қолқа салып сұрап, биылғы Наурызда өз репертуарларына қосыпты. Өнер кешінің ең шарықтау шегі жаңартылған «Қара жорға» болды. Оның сәтті орындалғаны шамалы ғана көрермен көңілінен шыққаны соншалық, риза болған жұртшылық қиқулап, қол шапалақтаудан аянып қалған жоқ. Оның үстіне көңілге шуақ, бойға қуат сыйлайтын қазақтың ұлттық буын биін «Әдемі-ау» және «Туған жер» би ансамльдерінің бірігіп орындағаны, республикалық байқаулардың лауреаты Нариман Жолдасбеков әуелете шырқағаны сахна сәнін келтіріп, концерттің көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ, сахна сәнін келтірген республикалық байқаулардың лауреаты Біржан Есжанның орындауындағы Сәкен Сейфулиннің «Біздің жақта» әнін де оркестр көрерменге алғаш рет ұсынды. Айта кетейік, жаңа туындыларды өңдеп оркестрге түсірген – көркемдік жетекші Қайырлы Ғафуровтың өзі.
Бұл күні филармония әншілері – Мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкина, Мәдениет саласының үздіктері Нұрсұлу Ахметжанова, Жанат Айтбаев, Бақыт Ілиясов, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Еркебұлан Қарыпов, Юлия Стадухина, Бәйімбек Құбайдолла, Асхат Ғалеев, Мақсат Қонақбаев, Әсет Ерман ән мен күйден шашу шашып, бір жыл бойғы карантинде өнерге шөліркеген көрермен көңілін аулай білді.
«Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» дегендей, концерт соңында ақсақалдың берген батасы періштелердің құлағына шалынатынына бек сеніп, күмәні қалмаған халық риза болып тарқасты.
Роза ШӘКЕНОВА,
«Soltüstіk Qazaqstan».