Еуропаның бірқатар елі коронавирус пандемиясының үшінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Инфекция жұқтырған науқастар саны күн санап артуда. Оған қоса, жақында Еурокомиссия төрағасының орынбасары коронавируске қарсы вакцинаға тапсырыс берерде қате кеткенін мәлімдеді. Дегенмен Франс Тиммерманс қорытынды жасауға асығар емес.
Үшінші толқын басталғанын Еуропа комиссиясының ресми өкілі Дана Спинант мәлімдеді. «Үшінші толқын басталғаны сезіледі. Алайда Еуропаның кей елінде науқастар саны тез ұлғайып барады, яғни вирус қарқыны шапшаң. Ол экономикаға үлкен кесірін тигізері анық», деді ресми өкіл.
Еурокомиссия өкілі бұл жағдайдан шығар жалғыз жол ретінде вакциналауды ұсынды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жақында Еуропа елдеріне вакцинаға тапсырыс беру кезінде Еуропа комиссиясы олқылық жіберген. Төраға орынбасары Франс Тиммерманс коронавируске қатысты стратегия дайындау барысында бірнеше мәселенің назардан тыс қалғанын жасырмады. Алайда дәл қазір қандай қателік кетіп, оның қандай салдары боларын анықтау мүмкін емес деген ойда. «Дәл қазір тап басып айту қиын. Ненің дұрыс, ненің бұрыс болғанын тек пандемия аяқталған соң біле аламыз. Бүгін Еуропа халқы түгелдей вакцина алғаны маңызды болып отыр», деді Ф.Тиммерманс.
Еурокомиссия жалпы алғанда 4 компанияға 1,4 млрд вакцинаға тапсырыс берген. Компаниялардың барлығы Еуропа аймағында лицензиядан өткен. Дегенмен Еуропа халқы биліктегілердің шешім қабылдауы баяу деп сынады. Онымен қоймай, кей ел Еуропа одағына әкелінген вакцина мемлекеттер арасында тең бөлінбеді деген пікір айтады.
Еурокомиссия дұрыс не бұрыс деген шешім айтпаса да аймақта коронавирус инфекциясының таралуы үдеп барады.
Мәселен, Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны бір миллион адамға шаққанда 1440 жағдайды құрайды. Бірақ бүгінге дейін Ұлыбританиядағы ересектердің тең жартысы вакцина ектіріп үлгерген. Мемлекеттің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок жексенбіде азаматтар вакцина ектіруге белсене қатысқанын айтады. Осылайша, дағдарыстан шығар күн жақын деген оң пікірімен бөлісті. Желтоқсаннан бері 26,8 млн британиялық екпе салдырған.
Ал Польшада тағы да локдаун жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігі сәрсенбіде қарашаның аяғынан бастап коронавирус жұқтырғандардың ең көп санын тіркеді. Бір күнде 26,4 мың жағдай анықталған. Бір апта ішінде науқастар саны 25 пайызға өсіпті. Жалпы алғанда 2 миллионнан астам адам вирус жұқтырса, 50 мыңға жуығы бақилық болған.
Германияда коронавирусқа байланысты ережелерге қарсы митинг әлі де жалғасуда. Елде жағдай тұрақсыз болса да белсенділер наразылықтарын тоқтатар емес. Оған қоса, үкіметтегілер де алдағы сайлауға қатысты халықтың көңілін бағуда. Билік биылға бірқатар саяси акция жоспарлап қойған. Алайда оның орындалуы екіталай болып отыр. Шектеулерден шаршаған халық полицияға күш көрсетуге көшкен. Кеше Кассель қаласындағы белсенділер полиция департаментіне шабуыл жасап, қару қолданған. Құқық қорғау органдары да қарсыласуға мәжбүр болыпты. Twitter желісіндегі парақшасында олар «Бейбіт шеру мынадай болмауы керек» деп жазыпты.
Мажарстанда да пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіштер жаңа толқында тіркелген. Медицина құрылымдары күніне 6 мыңнан астам адам індет жұқтыратынын мәлімдеді. Мұндағы өлім-жітім деңгейі де жоғары. Елдің премьер-министрі Виктор Орбан бұл көрсеткіш әлі де көбейетінін, ауруханаға жатушылар саны 8 мыңнан 20 мыңға дейін жетуі мүмкін деп ескертті. Мажарстан Ресейдің Спутник V вакцинасын қолдануды мақұлдаған ЕО-дағы алғашқы ел болды. Бүгінге дейін халықтың шамамен 10 пайызы вакцина алып үлгерген.
Францияда алғашқы 5 миллион адам вакцина алып үлгерген. Сенбіде үкімет локдаун жарияланатынын хабарлады. Дегенмен ел ішінде сапарлауға тыйым салынбаған. Мұнда вакцинаны коронавируспен күресте алғы шепте жүрген азаматтар алды. Алайда интенсивті терапиядағы науқастардың саны азайған жоқ. Билік ауруханалардағы жағдай тұрақсыз дейді, бірақ олар жаппай вакциналау жолындамыз деп халықты сендіреді. Әлі де 60 миллион адам вакциналануы керек.
Словакияда да өлім мен инфекция жұқтырудың жаңа жағдайлары көбейіп тұр. Сейсенбіде елдің премьер-министрі Игорь Матович ЕО-ның дәрі-дәрмек агенттігіне халық денсаулығына қауіп төніп тұрғанын ескертіп, ресейлік вакцинаны мақұлдауды тездетуге шақырды. Бұған дейін Матович ЕО шешімін күтпестен және альянстағы көршілерге ескертусіз екі миллион доза Спутник V вакцинасын сатып алған.
Испан дәрігерлері еңбек жағдайларын жақсартуды талап етіп, ереуілге шықты. «Біз әбден тойдық» деген ұранмен дәрігерлер 35 сағаттық жұмыс аптасына жету және түнгі ауысымдардың санын азайтуды талап етті.
Италияда күн сайын тіркелетін жаңа ауру жұқтырушылар саны ақпан айының ортасынан бастап көбейе бастады және бүгінде 3, 39 млн-ға жетті. Пандемия басталғаннан бері мұнда 105 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болды. Індет салдарынан Италияда орташа өмір сүру ұзақтығы 2020 жылы шамамен 82,3 жылға дейін қысқарды, деп хабарлады Istat Ұлттық статистика басқармасы. 2019 жылы Италия осы көрсеткіш бойынша Еуропалық одақта бірінші орында тұрған еді.
Желтоқсан, қаңтар айларында басталған вакциналау Еуропада әзірге тоқтап тұр. Өйткені комиссия AstraZeneca компаниясының вакцинасы қанның ұюына алып келеді деген тұжырымдама жасады. Ондай шешімге вакцина ектірген даниялық әйел мен норвегиялық дәрігердің өлімі себеп болды.
https://egemen.kz