«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көгілдір отын құны өседі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Горгаз-сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газ бағасын қымбаттатпақшы. Бұл мәселе қоғамдық тыңдауда көтерілді. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің жергілікті департаменті ұсынысты құптаса, тұтынушыларға саудаланатын газдың шекті құны бір текше метрі үшін қосымша құн салығын есептегенде 615,4 теңгені құрамақ.

Тұтынушыларға резервуарлық құрылғылар арқылы жеткізілетін сұйылтылған газдың бөлшек саудадағы бір текше метрінің құны соңғы рет 2018 жылғы 1 ақпанда бекітілген. Монополист мекеме басшылығы бағаны өсіруді не себепті сұрап отырғанын түсіндіріп берді. Ең басты уәжі – “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамынан, Павлодардың мұнайхимия зауытынан және Атыраудан сұйылтылған газды жеткізуге кететін шығындар артқан.
– 2018 жылдан тасымалға кететін шығындар едәуір өсті. Жергілікті стансада “Көліктік сервистік орталығы” атты жаңа заңды тұлға құрылғандықтан, темір жол тасымалына кететін шығындар артты. Нәтижесінде 2021 жылғы ақпанның 1-інен сұйылтылған газдың бір тоннасын зауыттардан шойын жолмен Петропавл стансасына дейін жеткізу құны тоннасы үшін 27 265 теңгеге жетті. Бұл қарастырылған бағадан 10 пайызға қымбат. Аталған шығындардың орнын толтыру үшін шекті бағаны 4 пайызға өсіру қажет, – деп түсіндірді “Горгаз-сервис” ЖШС-нің директоры Олег Иванов.
Сонымен қатар бағаның өсуіне қалаға жеткізілетін газ көлемінің артуы, жөндеу жұмыстарының шығындары да әсер еткен. Мәселен, былтыр орталық желіге жаңа баспаналар қосылып қана қоймай, пандемияның кесірінен үйінде отырған халық та көгілдір отынды көп тұтынған. Қазір мекеме 56 мың абонентке немесе 130 мыңнан астам қалалыққа қызмет көрсетеді. Одан бөлек, мекеме басшылығы бағаны көтеру арқылы жұмысшылардың жалақысын өсірмекші.
– Мекемеде 132 жұмысшы қызмет етеді. 108 маман нақты өндірістік іске тартылған. Еңбеккерлердің орташа жасы 53-ті құрайды. Өйткені, жастар бір-екі жыл жұмысты үйреніп алған соң, жалақысы жоғары мекемелерге кетіп қалады. Қазіргі 132 мың теңге еңбекақыны 146 856 мың теңгеге дейін арттыру жоспарда бар, – дейді Олег Иванов.
Осылайша, тұтынушыларға саудаланатын газдың шекті құны бір текше метрі үшін қосымша құн салығын есептегенде 522,26 теңгеден 615,4 теңгеге дейін өспек. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті бұл өтінішті наурыздың 30-ына дейін қарастырып, өз ұйғарымын шығармақ.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА.

   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp