«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы Наурызды жаңаша атап өту, мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуы тиіс талабына орай Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар облыс орталығында өзгеше мазмұнда ұйымдастырылып, тәрбиелік, танымдық маңызына барынша назар аударылды.

   С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» әдеби-музыкалық кешті қызықтаушылар көп болды. Театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровтың айтуынша, жылдағыға қарағанда биылғы Наурыздың тойлануын басқаша қырынан атап өтуге барлық мүмкіндік жұмылдырып, ізденістің сәтті шыққаны қуантады. Сахналық көріністерге актерлермен қатар барлық театр ұжымы қатыстырылып, бірнеше сал-дәстүрлер сахналанған. «Кемпір өлген, «Шыт тастар» секілді көнеден келе жатқан, бірақ жұршылық біле бермейтін әдет-ғұрыптар таңдап алынып, оннан астам іс-шараға жүзге жуық адам тартылған.
Ұлыстың Ұлы күніне қатысты қойылған викториналық сұрақтарға дұрыс жауап берген үш жеңімпазға «Толық адам» спектакліне тегін кіру билеті бұйырыпты.
«Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің қызметкерлері күн мен түннің теңелген қайталанбас мезгілін ұлттық қолданбалы көрме арқылы насихаттап, танымдық жақтарын өскелең ұрпақ пен өзге этнос өкілдеріне жеткізуді мақсат тұтқан ұмтылысы ұтымды шыққан. Халқымыздың тарихи, қоғамдық өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен екі тілде жан-жақты ақпарат беретін стенділер мазмұны жағынан әр алуан. «Көрме екі жерде ұйымдастырылып отыр. Қала тұрғындары киіз үйдің жабдықтары, ұлттық киімдер, әшекей бұйымдар, ат әбзелдері жайлы мағлұматтармен таныса алады»,– дейді экскурсия жүргізушісі Айтолқын Құнанбайқызы.

Айтолқын қарындасымыз айтқан көрменің бірі Тәуелсіздік алаңында тігілген ақ шаңқан киіз үйде орналасқан екен. Оның ішкі безендірілуін «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені мен облыстық тарихи-өлкетану музейі жабдықтапты. Мұнда қазақ хандары мен батырлары тұтынған қару-жарақ үлгілері мен тұрмыстық салт сипатындағы өте сирек кездесетін ыдыс-аяқтар қойылған. Сондай-ақ слайд арқылы Наурыз жайлы да құнды деректер алуға болады.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлер жанында алтыбақандар орнатылып, әуелете әндер шырқалып, күмбірлете күйлер төгіліп, табиғат мен адамның етене байланысын паш еткендей.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp