«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРКІЛЕНГЕН МҮЛІК КӘДЕГЕ ЖАРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері қызғылықты деректермен бөлісті. Заң бойынша, мемлекеттік қызметші өзіне ұсынылған сыйлықты осы департаментке өткізуі тиіс. Белгілі болғанындай, сондай сыйлықтардың арасында қойын кітапшасы, қалам, сағат сияқты заттар бар. Тіпті жарамдылық мерзімі өтіп кеткен кәмпит те кездесіпті. Бірақ оны құртуға тура келген. Ең үлкен сыйлық – мемлекеттік қызметшіге 2010 жылы шығарылған «Toyotа Land Cruiser» автокөлігі сыйға тартылған жағдай да тіркелген. Оның құны 5 миллион теңге деп бағаланып, сыйлау келісімшарты негізінде мемлекеттік органның пайдалануына өткізілген екен. Басқа мемлекеттік құрылымға 300 мың теңгенің фотоаппараты тарту етілген.

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мүлікті тәркілеумен де айналысады. Тәркіленген мүліктің біразы кәдеге жаратылады. Департамент басшысы Аман Төрегелдиннің айтуынша, тәркіленген медициналық бетперделер мен спирт денсаулық сақтау басқармасы мен әскери институтқа жөнелтілген. Ал браконьерлерден алынған жол талғамайтын шана «Бурабай» ұлттық бағында қолданылуда.
Тәркіленген қомақты мүлік – сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан экс-шенеунікке тиесілі екі әкімшілік ғимарат. Бұрын «Айналайын» асханасы, кейін «Central city cafe» дәмханасы орналасқан ғимаратты кезінде облыстық қаржы басқармасы басшысының экс-орынбасары сатып алған екен. Кейін шенеунік 500 млн. теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталған болатын. Мүлкі тәркіленіп, коммуналдық меншікке өткізілді. Мұнда енді көркемсурет галереясы ашылмақ. Экс-шенеуніктің тағы бір ғимараты – Мағжан Жұмабаев көшесінде орналасқан балалар орталығы – емхана филиалына айналмақ. Екі ғимараттың құны 230 млн. теңге деп бағаланған.
Тәркіленген тауардың мемлекеттік органдарға қажеті болмаса, ол аукцион арқылы сатылады. 11 аукцион барысында шамамен 25 млн. теңгенің тауары өткізілген. Бұл қаржы қазынаға түсті.
Аман Төрегелдиннің айтуынша, мемлекеттік ғимараттарды оңтайландыру жұмысы одан әрі жалғастырылуда. Мәселен, дағарадай бір ғимаратта 2-3 адам отырса, басқа мемекемінің он маманы аядай жерге сығылысқаны анықталған. 2018 жылы жүргізілген түгендеу нәтижесінде 10 мың шаршы метр алаң артық екені белгілі болып, соның жартысы оңтайландырылған.
– Былтыр осы жұмыстың нәтижесінде аумағы 1 307 шаршы метрді құрайтын 3 ғимарат босап, ауданның коммуналдық меншігіне өткізілді. Әділет департаментінің ғимаратына ішкі мемлекеттік аудит ұжымы көшірілді. Бұл ұжым ұзақ жылдар бойы жеке меншік ғимаратты жалдап, жылына 6 млн. теңге шығындап келген болатын. Қазір тек коммуналдық ақыға ғана шығынданады. Бұл ретте «Бірыңғай баланс ұстаушы» жобасы оң нәтиже беруде. Қанатқақты жобаны бес жыл бұрын Қаржы министрлігі қолға алған болатын. Оның аясында министрлікке қарасты мекемелердің мүлкі бір комитетке берілді. Жоба мемлекеттің мүлікті қолдануда тиімді әрі мемлекет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, кеңсе тауарларын бірден 4 мекеме үшін сатып алған әлдеқайда арзанға түседі. Сондай-ақ, автокөліктерді сатып алғаннан гөрі, жалға алған тиімдірек, – дейді Аман Төрегелдин. Оның айтуынша, басқа да мемлекеттік органдар осы бастаманы қолдаса игі. Алайда өзгелер әзірге белсенділік танытып отырмаған сыңайлы.

Роза ШӘКЕНОВА. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp