Делебесі қозатын ән-жыр десе,
Күлкісі де оянар қалжың десе,
Бәрін айт та, бірін айт, өзі айтпақшы,
Қазақта жұрт біледі Жамбыл десе, –демекші, биыл халық ақыны, жыршы бабамыз Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы. Петропавл қаласында жыр жауынгерінің мерейтойына арналған «Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың Жамбылы» атты облыстық ақындар айтысы өтті.
Н.Погодин атындағы орыс драма театрына кіл жүйріктердің бәсекесін тамашалауға келген жұртшылықты облыс әкімінің атынан оның орынбасары Ғани Нығметов құттықтады. Өңірімізде айтыс өнерінің дамып келе жатқанын тілге тиек еткен ол жергілікті билік руханиятқа әрқашан қолдау білдіретінін атап өтті.
Дүбірлі додаға қатысқан 12 ақын жыл басы – Наурыз мейрамынан бастап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойын жырға қосып, айтыстың көрігін қыздырды. Сондай-ақ, олар ел бірлігі мен ынтымақты, ұлттық құндылық пен дәстүр жайын сөз етті. Айтыс десе, ішер асын жерге қоятын халықпыз ғой. Сөз додасы өтетінін естіген жұртшылықта дегбір қалмады. Алайда, санитарлық талаптарға сәйкес билеттер аз сатылып, үлкен зал тек 30 пайызға ғана толды. Айтысты сағынған қызылжарлықтар бес сағатқа жуық уақыт тапжылмай отырып, алты жұптың жыр сайысын тамашалады. Көрерменнің қолдауын сезінген әр әқын көпшіліктің үмітін ақтау үшін барын салды.
Сахнаға шыққан С.Мұқанов атындағы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрислам Әбділ мен Есіл ауданының өкілі Абзал Жұмабек тосылған жоқ. Екеуі осымен сахнада үшінші рет кездесіп отыр екен. Яғни, бір-бірінің шама-шарқын жақсы біледі. Алғаш болып сөз алған Нұрислам өзінен жасы кіші Абзалды өткір тілімен түйреп, осал жерін табуға тырысты. Әсіресе, 22 жастағы қарсыласының колледжді бітіргенімен, жоғары білім алуға көңіл бөлмей жүргенін, әлі күнге дейін Отан алдындағы борышын өтемегенін бетіне басты. Бұл сынға ұтқыр жауап бере білген Абзал пандемия кезіндегі халықтың мүшкіл хәлін тілге тиек етіп, қазақ пен несиенің егіз ұғымға айналып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
Келесі болып Қызылжар ауданының ақыны Дияс Аяған мен шалақындық Шыңғыс Қабдуллин шықты. Қарсыластар тек бір-бірін сөзбен қағытып қана қоймай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, ауылдың жағдайы және тағы басқа мәселені жырларына қосты. Келесі жұптардаЖұмабек Рахимов пен Дамир Амангелді, Жантілеу Рахимов пен Дәулет Құрмаш, Аманжол Зағыпар мен Мұхаммед Қоңқаев, Ақтілек Қайымхан мен Ермек Жумин сөз қағыстырды. Ақындар қоғамдағы келеңсіздіктерді де тілге тиек етті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарқын Тайшыбай бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде әдемі сөз саптап, әсем ұйқастары мен қарымды ойларын жеткізе білген Айыртау ауданының намысын қорғаған Мұхаммед Қоңқаевқа бұйырды. Ол 250 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Петропавл қаласының намысын қорғаған Нұрислам Әбділ бірінші орынға ие болды. Оған 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Есіл ауданының үмітін үкілеген Жұмабек Рахимов пен Абзал Жұмабек екінші-үшінші орындарға тұрақтады. Оларға 100 және 80 мың теңге берілді.
Сонымен бірге жекелеген ақындарға арнайы жүлделер табыс етілді. Атап айтқанда, қызылжарлық Аманжол Зағыпар – Кәкімбек Салықов атындағы, ДиасАяған – ЕрікАсқаров атындағы, ал айтыста тұсауы кесілген Дамир Амангелді мен Ақтілек Қайымхан Мағжан Жұмабаев және Зейнолла Әкімжанов атындағы арнайы жүлделерге лайықты деп танылды. Өзге де қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Қанат АТАМАНОВ,
«SoltüstıkQazaqstan».
Суреттердітүсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.