«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Педагогтерге алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы табысталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен  20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді.

«Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», деді Министр Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ Білім және ғылым министрі соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.
Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина бүгінгі таңда педагог мәртебесі заңмен бекітілгенін, ендігі кезекте барлығы мұғалімдердің өздеріне байланысты екенін атап өтті.
Мемлекеттік наградаға Петропавл қаласының М. Айтхожин атындағы № 1 мектеп директоры Александр Юрьевич Курленя да ие болды. Бұл  марапатты 40 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті басшы бүкіл мектеп ұжымының еңбегі деп санайды.
«Осындай құрметке бөленгенім үшін өте қуаныштымын. Біздің мектебіміздің бой көтергеніне биыл – 100 жыл. Бұл мемлекеттік марапатты ұжымдағы әрбір педагогтің атқарып жатқан еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. Мемлекет мұғалімдерге моральдық және материалдық жағынан да қолдау көрсетіп келеді», деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Александр Курленя.


https://egemen.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp