«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақылдың кені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапхана елдің мәдениеті мен әдебиетінің ошағы ғана емес, бірлік пен келісімді нығайтуға қызмет ететін қастерлі орын. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана Тәуелсіздік жылдарында толайым табыстарға жетіп, еліміздегі үздік ұйымдардың алдына шықты.

Қазір кітапхана қоры 650 мыңнан асады. Соның ішінде XVIII-XX ғасырларға тиесілі сирек кездесетін 3 мың құнды еңбек бар. Жыл сайын 35000-нан астам оқырманға қызмет көрсетіледі.
– Кітапхана бір орында тоқтап қалған жоқ. Ол интернет пен телекоммуникация кеңістігіне еркін кірді. Қазір бізде веб-сайт, портал, электронды кітапхана жұмыс істейді. Сонымен қатар виртуалды анықтама қызметі бар. Оқырмандар электронды каталогты қарай алады. Сайтқа жаңадан қосылған оқырмандардың 3D форматында виртуалды турды тамашалау мүмкіндігі бар, – дейді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова.
Мұнда виртуалды оқырман залы, жаңалықтар лентасы, онлайн-кеңесші сынды бірқатар қызмет түрлері қашықтан көрсетіледі.
Соңғы жылдары “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында кітапханада латын графикасында қазақ әліпбиін үйрену, коворкинг, білім орталықтары, бизнес жобалардың старт-ап алаңы, парасаттылық мектебі, “Мейкерспейс” робототехника ресурстық орталығы жұмыс істейді. Балаларға арналған бұрыш та бар. Онда үстел ойындары, конструкторлар, ағылшын, француз тілдерін үйрену бойынша курстар ұйымдастырылады.
Аталмыш ұжым Қазақстандағы кітапханалар арасында алғашқылардың бірі болып жаттығу залын ашты. Ол оқырмандар санын көбейтіп, кітапханаға қызығушылықты арттырды. Бүгінде рухани орданың сыртқы келбеті ғана емес, іші де заманға сай өзгерді. Жарық, кең, заманауи әрі мобильді орталықта оқу мен демалуға барлық жағдай жасалған.
2020 жылы баспасөз орталығы мен конференция залы жаңартылды. Ал “SABIT” залы заманауи құралдармен, үлкен LED-экранмен жабдықталды. Мұнда облыс пен қала үшін маңызды көптеген іс-шаралар, халықаралық фестивальдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елшілер, көрнекті тұлғалар мен танымал жазушылармен кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Кітапхана қызметкерлері ондаған жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Мәселен, “Шекарадағы кездесулер” атты Қазақстан – Ресей халықаралық жобасы 15 жыл көлемінде сәтті жүзеге асырылуда. Бұл еңбекке ТМД парламентаралық ассамблеясы кеңесі жоғары баға бергенін айтқан жөн. Тәуелсіздік жылдары қарышты дамыған рухани орданың жетістіктері мұнымен шектеліп қалған емес. Өткен жылы әл-Фараби, Абай орталықтары ашылып, аудандық кітапханаларда да осындай орталықтарды ұйымдастыру қолға алынды.
– Өткен жылы Еуропа елдерінде Абай орталықтарын ұйымдастыруға шақырылдым. Сондай-ақ, биыл Беларусь елінде өткен XXVIII халықаралық кітап көрмесіне қатыстық. Онда әр өңір өз көрмесін ұйымдастырып, авторлардың кітаптарын таныстырды. Біз де кітап көрмесін өткіздік. Шарада қоғамдық өмірдің түрлі салаларында әр облыстың тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы бейнефильмдер көрсетілді. Келушілерді өзіміздің өңірдің тағылымды тарихымен, көрікті жерлерімен таныстырып, 50-ден астам басылымды көпшілік назарына ұсындық. Біздің өңірде мақтан тұтатын тұлғалар аз емес, – дей келе Бейбітгүл Мағжанқызы Минск қаласында өткен халықаралық көрме-жәрмеңкеде шетелдіктер қазақстандық авторларға, әсіресе, балалар әдебиетіне ерекше қызығушылық танытқанын жеткізді.
Кітапхананың Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Халықаралық қорлардың 24 грантына ие болған рухани орда – түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы. 2019 жылы “Рухани қазына” атты мәдениет және өнер саласында ұйымдастырылған фестивальда еліміздегі үздік кітапхана аталымын жеңіп алды.
Кітапханасыз өркениетті қоғамды елестету мүмкін емес. Сондықтан руханияттың ордасы – кітапхананы сақтап, байытып, дамытып, заманауи деңгейде өркениет көшіне ілестіру Тәуелсіз елдің басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp