1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа қабылдау электронды форматта жүргізіледі. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова әлеуметтік парақшасында жазды.
«Бірінші сынып оқушыларының құжатын қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады. 1 сәуірден бастап барлық қазақстандық мектепте келесі оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау үрдісі басталады. Баласын бірінші сыныпқа беруді жоспарлаған ата-аналар құжаттарын өткізе беруіне болады. Бірінші сыныпқа қабылдау электронды форматта жүргізіледі. 1-сыныпқа алты жасар және биыл 6-ға толатын балаларды қабылдайды», – деді ол.
2021-2022 оқу жылына республика бойынша 340 мыңнан аса баланы қабылдау жоспарланған. Өңірде мектеп табалдырығын 8150 бүлдіршін аттайды. Гүлмира Райынбекқызының айтуынша, бірінші сынып оқушыларының құжаттарын «egov.kz» арқылы беруге болады. Мынандай құжаттар талап етіледі: ата-ана (немесе оларды алмастыратын тұлғалардың) өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «бала денсаулығы паспорты» және 3х4 көлеміндегі 2 фото.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
облыстық білім басқармасының
баспасөз хатшысы.