Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі жазушының 90 жылдығы қарсаңында 1992 жылы ашылған болатын. Музейде 500-ден астам жәдігер сақтаулы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жәдігерлер саны шектеулі болатын. Бүгінде қоры толықтырылуда. Музей әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін экспонаттар қойылған. Екінші мемориалдық бөлмеде жұмыс кабинеті мен демалатын бөлмесі, көзі тірісінде тұтынған, қажетіне жаратқан, Ғабиттің қолы тиген заттары сол қалпында сақталған. Әдеби-мемориалдық музей Халықаралық әлем музейлерінің каталогына енгені зор мақтаныш.
Заңғар жазушы көркем әдебиетпен шұғылданып қоймай, қоғам өміріне де белсене араласты. Отызыншы жылдардың зобалаңы жазықсыз жандардың өмірін қиып, тағдырын тәлкекке салды емес пе? Жапа шеккендердің бірі Бейімбет Майлинге араша түскен Ғабит Мүсірепов болатын. Оның “Бейімбет жау болса, мен де жаумын”, – деген сөзі тарихта қалды. Отызыншы жылдардағы қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалып, елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылған “Бесеудің хаты” қазақ зиялыларының атынан жазылған болатын. Авторларының бірі – Ғабит Мүсірепов. Осы хаттардың көшірмесі де біздің музейде сақтаулы.
Мұражайдың ашылуына орай ауыл аналары тоқыған алаша, басылған киіз, тігілген көрпе-жастықтар да музейге сән беріп тұрғандай. Тарихи оқиғалар негізінде жазылған “Ұлпан” романының түпнұсқасы бар. Біз үшін бұл еңбек ерекше маңызға ие. Жазушы “Ұлпанды” жазбас бұрын көп жыл дайындалған. Ол күнделігінде: “Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы”, – деп жазды.
Музейдегі бір ғасырдан астам ғұмыры бар, көне жәдігердің бірі – ерсүндет. Әкесі оны Ғабиттің шамамен 5 жасында жасатқан екен. Оны жазушының кіндік әкесі Жүсіп шебер ағаштан ойған. Кейін жөндеуден өткенде кейбір өзгерістер енгізілді. Ерсүндетті ер-тоқым деп те атайды. Салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықты қазақ халқы ерекше құрметтеп, киелі санаған.
Жазушы есімін ұлықтау, тарихи мұраны сақтау, жастардың бойында ұлттық рух қалыптастыру мақсатында музейде көптеген танымдық шаралар өтетінін де айту керек. Оқушылар мен қонақтар экскурсия, әдеби кеш, “дөңгелек үстел”, кездесу, музей сабағы мен тағы басқа шараларға қатысады. Пандемияға байланысты қауіпсіздік шаралары қатаң ескеріліп, музейде “Жүз жасаған бәйтерек”, “Ауған жерінде от кешкендер”, “Ауылым – алтын бесігім”, “Менің Отаным – Қазақстан” сияқты бірқатар тақырыптық шаралар өтті. Келесі жыл біз үшін айтулы оқиғаларға толы болмақ. Жазушының 120 жылдығына орай ауқымды жоспарымыз бар. Биыл Ғабит Мүсірепов музейі күрделі жөндеуден өтеді. Дайындық жұмыстары бүгіннен қолға алынуда.
Клара ҚОШАЕВА,
Ғабит Мүсірепов музей-үйінің меңгерушісі.