Н.Погодин атындағы орыс драма театрына кіл жүйріктердің бәсекесін тамашалауға келген жұртшылықты облыс әкімінің атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады. Өңірімізде айтыс өнерінің дамып келе жатқанын тілге тиек еткен ол жергілікті билік руханиятқа әрқашан қолдау білдіретінін атап өтті.
– Біз бабалар сөзін ардақ тұтқан, ата салтымызға адал, әдеп-ғұрпымызға берік халықпыз. Былтыр карантинге байланысты облыстық ақындар айтысы өткізілмеген еді. Айтыс – қазақ халқының энциклопедиясы, руханияттың қайнары. Алдағы уақытта төл өнерді дамытуға қолдау көрсету жалғастырылатын болады. Наурыз мейрамы қарсаңында жыршы Жамбыл Жабаевты ұлықтап отырмыз. Оның өмір жолын, шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау – парыз. Бүгінгі шараға қатысуға ниет білдірген әр жас ақынға алғысым шексіз, – деген Ғани Сақтағанұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додаға қатысқан 12 ақын жыл басы – Наурыз мейрамынан бастап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойын жырға қосып, айтыстың көрігін қыздырды. Сондай-ақ, олар ел бірлігі мен ынтымақты, ұлттық құндылық пен дәстүр жайын сөз етті. Айтыс десе, ішер асын жерге қоятын халықпыз ғой. Сөз додасы өтетінін естіген жұртшылықта дегбір қалмады. Алайда, санитарлық талаптарға сәйкес билеттер аз сатылып, үлкен зал тек 30 пайызға ғана толды. Айтысты сағынған қызылжарлықтар бес сағатқа жуық уақыт тапжылмай отырып, алты жұптың жыр сайысын тамашалады. Көрерменнің қолдауын сезінген әр ақын көпшіліктің үмітін ақтау үшін барын салды.
Өмірімен де, өнерімен де екі ғасырды жалғап жатқан ұлы жыраудың құрметіне ұйымдастырылған айтыста сөз бастау оңай болмасы анық. Дегенмен, сахнаға шыққан С.Мұқанов атындағы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрислам Әбділ мен Есіл ауданының өкілі Абзал Жұмабек тосылған жоқ. Қос ақын маржан сөзден шашу шашты. Екеуі осымен сахнада үшінші рет кездесіп отыр екен. Яғни, бір-бірінің шама-шарқын жақсы біледі. Алғаш болып сөз алған Нұрислам өзінен жасы кіші Абзалды өткір тілімен түйреп, осал жерін табуға тырысты. Әсіресе, 22 жастағы қарсыласының колледжді бітіргенімен, жоғары білім алуға көңіл бөлмей жүргенін, әлі күнге дейін Отан алдындағы борышын өтемегенін бетіне басты. Бұл сынға ұтқыр жауап бере білген Абзал пандемия кезіндегі халықтың мүшкіл халін тілге тиек етіп, қазақ пен несиенің егіз ұғымға айналып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
Бұлардан кейін сахнаға Қызылжар ауданының ақыны Дияс Аяған мен шалақындық Шыңғыс Қабдуллин көтерілді. Дүйім жұрттың алдында тапқыр өлеңімен халықтың қошеметіне ие болған қос ақынның да талпынысы көңіл қуантты. Қарсыластар тек бір-бірін сөзбен қағытып қана қоймай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, ауылдың жағдайы және тағы басқа мәселені жырларына қосты. Айта берсек, жыр жүйріктерінің бәрі де халықтың көкейіндегі ойды қозғады. Келесі жұптарда Жұмабек Рахимов пен Дамир Амангелді, Жантілеу Рахимов пен Дәулет Құрмаш, Аманжол Зағыпар мен Мұхаммед Қоңқаев, Ақтілек Қайымхан мен Ермек Жумин сөз қағыстырды. Ақындар қоғамдағы келеңсіздіктерді де тілге тиек етті.
Ақындарға жеке-жеке тоқталар болсақ, қызылжарлық көрерменге, әсіресе, бесінші жұп – Аманжол Зағыпар мен Мұхаммед Қоңқаевтың есімі бұрыннан мәлім. Қалжыңға толы бұл айқас кештің көркіне айналғаны сөзсіз. Қызылжар ауданының намысын қорғаған Аманжолдың өткен жылдарға қарағанда әжептәуір ысылғаны бірден байқалды. Ал “Жүрсіннің жүйрігі” атанған Мұхаммедтің салиқалы сөзі әрі салмақты ойы көпшіліктің көңілінен шықты. Айыртаулықтың 2019 жылы өткен соңғы облыстық ақындар айтысында бас жүлдені иеленгенін атап айтқан жөн. Тәжірибелі айтыскерлеріміздің бірі – Жұмабек Рахимов та бабында екен. Айтыс аламанына алғаш рет түскен жас ақын Дамир Амангелді барынша қарсыласып бақты. Дегенмен, бірнеше айтыста үздіктер қатарынан көріне білген Жұмабек бұл жолы да оза шапты.
Қазылар алқасы екінші айналымға екі жұпты – Жұмабек Рахимов пен Нұрислам Әбділді, Мұхаммед Қоңқаев пен Абзал Жұмабекті шығарды. Құрдастардың орынды қалжыңы көрермендер тарапынан қолдауға ие болып жатты. Бірінші айналымда Жұмабек інісінің иығына шапан жапқанымен, бөркін бермеген болатын. Бірақ бұл жолы бөріксіз, бірақ басқа біреудің шапанымен шықты. Осыны меңзеген Нұрислам бірінші айналымның шапан алысып, шапан беріскен “құдалыққа” айналып кете жаздағанын айтып, әзілдеді.
Соңғы сайыс – ұстаз бен шәкірттің айтысы болды. Мұхаммед Қоңқаев оңай шағылатын жаңғақ емес екені белгілі. Облыстық және республикалық айтыстарда жүлде алып жүрген жүйріктердің бірі. Бірақ Абзал Жұмабек те қарап қалған жоқ. Отты сөздерімен айтыстың көрігін қыздырды. Өнердегі алғашқы ұстазы – Нұрислам Әбділдің иығына шапан жапқан Абзал, бұл жолы кішілік танытып, екінші ұстазына жолын берді. Осылайша, Мұхаммедтің батасын алған есілдік ақын көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ақтық сында Нұрислам Әбділ мен Мұхаммед Қоңқаев айтысты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде әдемі сөз саптап, әсем ұйқастары мен қарымды ойларын жеткізе білген Айыртау ауданының намысын қорғаған Мұхаммед Қоңқаевқа бұйырды. Ол 250 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Карантин жалғасса егер
осы күні,
Елді қалай жырыммен
жұбатпаймын?
Ағайын, ықыласыңа мың да бір
рақмет!
Бұл күні ақиқатқа тұрақтаймын,
Өңірім аман болса
қолдау берер,
Байрағын Қызылжардың құлатпаймын!”, – деген жеңімпаз қошеметін аямаған халыққа бір ауыз өлеңмен алғысын жеткізді.
Петропавл қаласының намысын қорғаған Нұрислам Әбділ бірінші орынға ие болды. Оған 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Есіл ауданының үмітін үкілеген Жұмабек Рахимов пен Абзал Жұмабек екінші-үшінші орындарға тұрақтады. Оларға 100 және 80 мың теңге берілді.
Сонымен бірге жекелеген ақындарға арнайы жүлделер табыс етілді. Атап айтқанда, қызылжарлық Аманжол Зағыпар – Кәкімбек Салықов атындағы, Дияс Аяған – Ерік Асқаров атындағы, ал айтыста тұсауы кесілген Дамир Амангелді мен Ақтілек Қайымхан Мағжан Жұмабаев және Зейнолла Әкімжанов атындағы арнайы жүлделерге лайықты деп танылды. Өзге де қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.