«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ АРАЙЛЫ ТАҢЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығының беташар жылы тосын жайларға толы болды. Іргесі мәңгі мызғымастай, шаңырағы ешқашан шайқалмастай көрінетін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталатын алып мемлекет бір-ақ сәтте айтыс-тартыстың, дау-жанжалдың ошағына айналып шыға келді. Жағдай жаз ауа тіпті шиеленісті. Елдің тұтастығына қауіп төнді. Нақ осы кезде Мәскеудің төрінде отырған бір топ шенділердің болашағы бұлыңғыр одақты сақтап қаламыз деген желеумен биліктің тізгінін босатып алған Михаил Горбачевті тақтан төңкеріп тастауға әрекеттенуі жай да шалқып жанған отқа май құйғандай болды. Ел екіге бөлінді. Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин өз елі аумағында Коммунистік партияның қызметіне тыйым салу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін аяқ-қолы “тұсалған” Михаил Горбачев Компартияның Бас хатшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Осылай жетпіс жылға жуық уақыт Еуразия байтағының 41 пайызын алып жатқан одақтас республикалар халқын жұмса – жұдырығында, ашса алақанында ұстап келген Компартияның желкесі қиылып, тарихшылар “Тәуелсіздік шеруі” деп атап жүрген кезең басталды.

1991 жылғы тамыздың 24-і мен 31-і аралағында – бір аптаның ішінде бұрын одақтың құрамында болған бес ел – Украина, Беларусь, Молдово, Әзірбайжан, Қырғызстан тәуелсіздігін жариялады. 1 қыркүйекте – Өзбекстан, арада сегіз күн өткеннен кейін – Тәжікстан, оларға ілесе Армения мен Түрікменстан бодандықтан босап шыққандарын бүкіл әлемге паш етті. Балтық жағалауы елдері мен Грузия тәуелсіздіктерін төңкерістік әрекеттен бұрын жария еткен болатын. Сөйтіп, Тәуелсіздігін жарияламаған екі ел – Ресей мен Қазақстан ғана қалды.
Сөз жоқ, қазақ елі де азаттықтың арайлы таңы ататын күнді асыға күтті. Бірақ сол күндері көңілге үміт пен күдік қатар қонғаны анық еді. Өйткені, елді жайлаған берекесіздіктің салдарынан жағдай қатты ушығып кетті. Әсіресе, жұмыссыздық, зейнетақы мен жалақының төленбеуі қарапайым халыққа қатты батты. Әрине, ел басшылығы қарап отырған жоқ, тынбай тығырықтан шығар жол іздеді, жедел-ғабыл Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйе құруды қолға алды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 24 тамызда “Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы” қаулы қабылдауы соның бір дәлелі. Ал 16 қазанда “Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы“ Заң өмірге келді. Осы Заңға сәйкес 1991 жылғы 1 желтоқсанда қазақстандықтар тұңғыш рет Президент сайлауына қатысты. Дауыс бергендердің 98,78 пайызы елге танымал саясаткер, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, оған өз тағдырын сеніп тапсырды. Ішкі, сыртқы ахуал күн сайын дерлік құбылып тұрған алмағайып замандағы оқиғалардың кейінгі желісі бұл таңдаудың дұрыстығын дәлелдеп берді. Қазақ елінің басқару жүйесіне Президент институтының енгізілуі ел болашағына, ұлт тағдырына қатысты басқа мемлекеттермен тең дәрежелі келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ, түрлі сын-қатерлердің алдын алуға жол ашты.
Осылай сын сағаты туғанда – жел қай жақтан соғады деп жанталасып жатқанда – 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдерінің басшылары Беловежье орманында оңаша (бұл бас қосуға Орталық Азияның түркі тілдес мемлекеттерінің басшылары шақырылған жоқ) кездесіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, славян елдерінің бұрынғы одақтастарынан оқшауланбақ ниеті белгілі болды. 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі “Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы” шешім қабылдады. Арада бір күн өткеннен кейін Беловежьеге шақырылмаған Орталық Азияның түркі тілдес мемлекеттерінің өкілдері Ашғабадта бас қосты. Олар егер үштік өздерін мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен терезесі тең мүше ретінде қабылдайтын болса, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қосылатындарын мәлімдеп, үндеу жариялады. Ақыры, екі жақтың өкілдері түбегейлі шешім қабылдау үшін 21 желтоқсанда Алматыда кездесетін болды. Осылай мыңжылдықтар тоғысар тұста КСРО-ның күні батты.
Үш ғасырдай болған үш ай да артта қалды, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жерінде Тәуелсіздік таңы атты. Ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың тілімен айтсақ, қазақ елдігіне, жеріне һәм дініне құрылған тұзақ пен қақпаннан құтылды. Ендігі жерде ешкімнен қаймықпай “Мен Қазақстан Республикасының азаматымын!” деп айта алатын болдық. Біздің бұл құқығымыз 1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” қаулысымен бекітілді. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының Кеден комиссиясын қалыптастыру туралы”, “Қазақстан Республикасындағы 1992 жылғы шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру туралы”, “Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы” сияқты бірқатар Жарлықтары шықты.
1991 жылғы желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің келуі де біз үшін бұрын-соңды болмаған тосын оқиға еді. Жыл соңында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін тануы болашаққа деген сенімімізді тіпті нығайта түсті. Десек те, ұлт ретінде, ел ретінде жер бетінде қала алуымыз үшін жан аямай күресу қажет болды. Тәуелсіздік деген тәтті сөз бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүктеді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі “Қазақстан жолы” деп аталатын еңбегінде: “Біз “талмау күйдің” өліара жағдайы соншалықты тұрақсыз және екіжақты болатынын, кез келген кешігу мен теріс шешім қабылдаудың зардабы “өліммен аяқталатынын” түсіндік”, деп жазғанындай, бұл ел адамдардың әлеуметтік күйзелісі мен бейжайлығы, психологиялық шиеленісі тәрізді әлеуметтік дерттердің сынағына түскен күрделі кезең еді. Дағдарыстан шығу үшін кінәліні іздеп жатпайақ қоян-қолтық жұмыс істеу, қоғам ауыртпалықты қан­шалықты қабылдайтынына көз жеткізе оты­рып, қолда бар күштерді ширықтыру қажет болды. Елбасы сол бір аумалы-төкпелі кезеңде осы ойды көңіліне түйіп, өңірлерді аралады, күн-түн демей халықпен кездесті, оларға қа­лып­тасып отырған жағдайды түсіндірді, қиын­дықтарды жеңу жолдарын ұсынды. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы журналистер қауымынан да көмек, қолдау күткені сөзсіз. Олай дейтінім, Президент болып сайланғаннан кейін Петро­павлға алғаш рет ат басын тірегенде, әуежай басында алдынан шығып, сұрақ қою ниеттерін білдірген журналистерді қасына ергендердің “әңгіме кейін болады” дегеніне қарамай, мәртебелі меймандарға арналған бөлмеге бастай жөнелгені есімде. Сол арада бір сағатқа жуық бөгеліп, көптеген сұрақтарға жауап берді. Маған, әсіресе, Елбасының “Ескінің соңы – әрқашан жаңа бір дүниенің бастауы. Біз ел боламыз десек, даму туралы, алға басу туралы әңгіме қозғауымыз керек” деген сөздері көп ой салды.
Осы мақаланы жазуға отырмас бұрын сол кездері өңірімізде орын алған оқиғаларды жадымда тағы бір жаңғыртайын деген оймен “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінің 1991 жылғы тігіндісін ақтарып шықтым. Таңғаларлық бір жай, еліміздің жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті оқиғалар, 1991 жылдың 16 желтоқсанында атқан жаңа дәуірдің арайлы таңы туралы тұшымды, кесек дүниелерді кездестіре алмадым. Азаттық деп аласұрған, талай күндері мен түндерін ат үстінде өткізген ата-абаларымыздың жүзеге асқан асыл арманы, дәмі балдай, мәртебесі таудай – Тәуелсіздік ел шежіресіндегі қайталанбас, қастерлі мезет еді ғой, халық іштей қуанған да шығар, бірақ соны сыртқа шығарып, сүйіншілей алмағаны қалай деп ойға қалдым. Туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Ганди тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты деген екен. Сол бақытына қол жеткізген халық неге жүрегі жарыла қуана алмады екен деген ой мені әлі күнге мазалайды. Қуанған шығар?! Халық “Қорыққан мен қуанған бірдей” деп бекер айтпаған ғой, мүмкін, Тәңірдің тосын сыйына сенерін де, сенбесін де білмей, өң мен түстің арасында жүргендей күй кешіп, жүрек сезімін ақтара алмаған болар? Қазақ – ғасырлар бойы бодандықтың қамытынан құтыла алмай, теперішті көп көрген халық қой, мүмкін, соның бойға сіңген сарқыншақтары алдарын кес-кестей берген шығар?
Енді, Тәуелсіздіктің арайлап атқан әр таңы – біз үшін көңілге жұбаныш қана емес, үлкен қуаныш! Айбыны асып, азат болған, қырандай қомданып, тұғырына қайта қонған Алаштың жолы ашылды. Елбасымыз атап көрсеткендей, “Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр. Іштей булыққан бұлқынысы мен өкініші, жеңістері мен жеңілістері жатыр”. Тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегеніне, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартқан, үш ғасыр бойына отаршылдықтың қамытынан құтылу жолын іздеген, сол үшін жан алып, жан берісіп күрескен қазақтың осы ұлы мақсат жолында “мың өліп, мың тірілгеніне” тарих куә.
Алланың әмірімен сан ғасырлар жалына қол апартпай, қазақтың қайсар мінезін сынаумен болған азаттықтың асау тұлпары ғасырлар тоғысында жүгенге басын өзі сұқты. Қуандық. Тәуекелге бел будық, ерттеп міндік, қамшы бастық. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Egemen Qazaqstan” газетінде жариялаған мақаласында жазғанындай, “Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. “Тәуелсіздік бәрінен қымбат!” деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс”.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp