Қазіргі қоғамымызда көңілімізді су сепкендей басатын жағымсыз жайттар аз орын алып отырған жоқ. Бабаларымыздан бүгінге жеткен дәстүрлеріміздің көбі жадымыздан көшіп барады. Әсіресе, имандылық пен инабаттылық, мейірімділік пен жанашырлық сияқты қанымызға сіңген қасиеттерден ажырап қалудамыз.
Жуырда теледидардан “Пендеміз ғой” атты бағдарламаны көрдім. Қолыма қалам алып, көкейіме тығылған ойды жазуымның негізгі себебі де осы бағдарламада айтылған сорақы оқиға. Халқымызда: “Ана – бір қолымен баланы, ал бір қолымен әлемді тербетеді” деген мақал бар. Бүгінде осы қанатты сөздің төркінін түсінбей, туған аналарын аялаудың орнына, қайғы мен қасіретке ұшыратып отырған жандарды көргенде жүрегің ауырады.
Бағдарламада жасы жетпіске таяп қалған қарт ананың қилы тағдыры сөз етілді. Оның жұбайы тірі кезінде салып берген үйі болыпты. Сол шаңырақта Алланың берген төрт қыз, екі ұлын бағып-қағып, бақытты ғұмыр кешкен. Ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған.
Отағасы өмірден озғаннан кейін зайыбы зәулім үйде жалғыз қалады. Бірде кіші қызы күйеуімен келіп, анасына бірге тұру туралы өтінішін айтады. Шешесі болса, қызы мен күйеу баласының үйлерінің жоқтығын ескеріп, бұл ұсынысқа қуана келіседі. Оның үстіне жас емес. Жыл сайын қарттықтың ауылына жақындап келеді. Күндердің күнінде қызы үйді анасының атына нотариус арқылы рәсімдеу керектігін айтады. Ең сорақысы сол, үйді қызы шешесінің емес, өзінің атына аударып алған екен. Арам ойын жүзеге асырғаннан кейін тоғыз ай толғатқан анасын үйден қуып шыққан.
Бұл құйтырқы әрекеттің жүзеге асуына кенже қызы ғана емес, оның екі апасы да атсалысқан көрінеді. Үшеуі күйеулерімен ақылдасып, үйді сатып, ақшасын бөліп алу туралы шешімге келген.
Бағдарламаны көріп отырып, жанарыма жас келді. Ананың шарасыз бейнесі, қыздарының қулығы, дүниеқоңыздығы жаныма батты. Бұл біз мысал етіп отырған бір оқиға ғана. Ел ішінде айтылмай жатқан сорақы жайттар қаншама?! Қазақ халқы ананы әлімсақтан аялаған. “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деп өсіп келе жатқан жас ұрпақты мұндай арсыздықтан тыйған емес пе? Қазір “өзім білемінге” салынып жүргендерді кім жүгендейді? Бұған ұлт болып қарсы тұруымыз керек қой!
Тұяқбай СҮЛЕЙМЕНОВ.
Қызылжар ауданы,
Бескөл ауылы.