Тексеру комиссиясының басты міндеті – Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында тексеру комиссиясы қызметінің негізіне “Мемлекеттік аудит – халықтың игілігі үшін!” ұраны енгізілді.
Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігінің алдымызға қойған міндеттері, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тапсырмалары, сондай-ақ, мемлекеттік аудит органдары үйлестіру кеңесінің шешімдері ерекше бақылауға алынған. Тексеру комиссиясы қызметінің қайтарымын арттыру мақсатын көздейтін тиімділік аудиттері жиі өткізілетін болды. Бұл дегеніңіз – мемлекеттік аудит нысанының қызметін тиімділік, үнемділік, өнімділік және нәтижелілік тұрғысынан бағалау және талдау. Мәселен, 2019 жылы тиімділік аудиті 78 пайыз болса, былтыр бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілді. Үстіміздегі жылы бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Тексеру комиссиясының қызметіндегі басты басымдықтардың бірі – біліктілікті жетілдіру арқылы аудиторлардың кәсібилігін арттыру. Жұмыстың нәтижелілігі мен тиімділігін жақсарту, кадрларды ынталандыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында біздегі бас мамандардың санаты бас инспекторларға дейін бір саты жоғарылатылды. Барлық мемлекеттік аудиторлар “CIPFA Public Auditor”, “DipIPSAS” халықаралық біліктіліктері бойынша оқудан ойдағыдай өтіп, сертификаттар алды.
Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің теориялық білім деңгейін арттыру, практикалық дағдылары мен іскерлігін жетілдіру мақсатында және үнемі өсіп отыратын талаптарға байланысты қызметкерлер жүйелі негізде республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде тағылымдамадан өтеді. Былтыр екі аудитор осындай тағылымдамадан өтсе, үстіміздегі жылы бес маманды тағылымдамаға жіберу жоспарлануда.
Тәжірибе алу және біліктілікті арттыру мақсатында біздің аудиторларымыз жыл сайын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аудиторлық іс-шараларына қатысады. Сондай-ақ, облыстық тексеру комиссиясының бір қызметкері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсті.
Облыстық тексеру комиссиясы жыл сайын салықтық әкімшілендірудің тиімділігіне аудит жүргізеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында қанатқақты режімде салықтық әкімшілендіру тиімділігінің аудиті электронды форматта атқарылды. Аудит мемлекеттік аудиторлардың облыс аудандарына бармай-ақ, облыстық департамент арқылы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріне қол жеткізуі нәтижесінде жүзеге асырылуда. 2019-2020 жылдары бес салық органында электрондық аудит жүргізілді, онда 51 млн. теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды және жергілікті бюджет кірісіне өндіріліп алынды. Осы бағыттағы жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасатын болады.
Жүйелі қаржылық бұзушылықтардың, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаудың және пайдаланудың алдын алу үшін облыстық тексеру комиссиясы аудан әкімдері аппараттарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да мүдделі адамдардың қатысуымен семинар-кеңестер өткізді.
Облыстық тексеру комиссиясы “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум шеңберінде облыстық тексеру комиссиясының отырыстарына партиялық бақылау комиссияларының мүшелері шақырылады, сондай-ақ, оларды мемлекеттік аудит жүргізуге қатыстыру бойынша жұмыс жүзеге асырылады.
Мемлекеттік аудит нысандарының тізбесіне сәйкес 2020 жылы 44 нысанда 12 аудиторлық іс-шараның қорытындысы шығарылды. Мемлекеттік аудитпен 150,5 млрд. теңге қамтылды. Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын бұзушылықтардың анықталған жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 1,6 млрд. теңге (29 пайыз), тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты, мемлекет активтері – 1,8 млрд. теңге (33 пайыз), тиімсіз жоспарлау – 2,1 млрд. теңге (38 пайыз). Сонымен қатар 0,3 млн. теңге сомасында бюджеттің тікелей шығындары, 77 рәсімдік бұзушылықтар, 48 жүйелік кемшіліктер анықталды.
Бюджетке өтеуге (қалпына келтіруге) жататын қаржылық бұзушылықтар 1,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2019 жылға қарағанда 400 млн. теңгеге артық, аудит нысандары 1,5 млрд. теңгені немесе 96 пайызын қалпына келтірді (өтеді). Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында дағдарысқа қарсы шараларды, оның ішінде 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға және коронавирустық инфекциямен күресті қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне аудит жүргізілді. Аудитпен 39 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты қамтылды, 595,5 млн. теңге сомасына бұзушылықтар анықталды, оның ішінде жоспарлау кезіндегі, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезіндегі бұзушылықтар бар.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға былтыр ерекше көңіл бөлінді. Облыстық тексеру комиссиясы тиімділік аудитін жүргізген бағдарламалардың бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Мемлекеттік аудит Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен бірлесіп жүргізілді. Нәтижесінде 11,7 млн. теңге сомасында бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 9,8 млн. теңге сомасы тиімсіз жоспарлау салдарынан игерілмеген бюджет қаражаты, тыңайтқыштардың құнын өтеуге 1,9 млн. теңге артық субсидия берілген.
Анықталған кемшіліктер қаржылық тәртіптің төмендігінен, Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін жеткілікті білмеуден және дұрыс түсіндірмеуден, аудит нысандарының лауазымды тұлғалары тарапынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес бюджет қаражатының жұмсалуына тиісінше бақылаудың болмауынан орын алған, бұл өз кезегінде бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға және пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін.
Жалпы, жүргізілген аудит нәтижелері бойынша 2020 жылы 184 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 51-іне – тәртіптік, 133-іне әкімшілік жаза қолданылды. Кінәлілерге 6,6 млн. теңге сомасында айыппұл салынды.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары облыстық тексеру комиссиясының отырыстарында аудандар әкімдері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері департаменттерінің, облыстық басқармалардың бірінші басшылары, “Атамекен” ҰКП-ның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатыстырыла отырып қаралды. Бұл аудит нысандарының бірінші басшыларының бюджетті жоспарлау және атқару кезінде анықталған кемшіліктерге жол бермеуі үшін қажет және жауапкершілікті күшейтеді.
Отырыстардың қорытындылары бойынша аудит нысандарына және мүдделі мемлекеттік органдарға облыстық тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындылары мен нұсқамаларында анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою үшін 49 ұсыным мен тапсырма берілді, оның ішінде 46 ұсыным мен тапсырма орындалды.
Облыстық тексеру комиссиясы жүргізген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша тұрақты негізде орталық мемлекеттік органдарға заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою жөнінде ұсыныстар жіберіледі. Соңғы екі жыл ішінде осындай 27 ұсыныс Қаржы, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы министрлеріне жолданды.
Мемлекеттік аудит нысандарының тізбесіне сәйкес үстіміздегі жылы 63 нысанда 22 аудиторлық іс-шара өткізу жоспарлануда. Алдын ала болжам бойынша, 126 млрд. теңге қаржының жұмсалу тиімділігі тексерілетін болады.
Тілеген ҚАСКИН,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, экономиканың PhD докторы.