Әйелдер арасында сынға түсіп жүрген «Қуаныш» клубы өз тарихында тұңғыш рет Ұлттық Лиганың қола медалін жеңіп алды. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында спортшыларды құттықтады.
– Бүгін үшінші орын үшін күресте солтүстікқазақстандық волейболшылар Алматы қаласының командасынан басым түсті. Біздің команданың тірегі – Солтүстік Қазақстанның спортшылары. Клубтың резервтік құрамы толығымен жергілікті спортшылардан тұрады. Қола медаль – Солтүстік Қазақстан волейболын дамыту бойынша жүйелі жұмыстың оң нәтижесі, біздің жаттықтырушылар мен ойыншылардың еңбегі. Мен барлығын жеңіспен құттықтаймын және келер жылы қыздарымыздың бұдан да биікке көтерілуін тілеймін, – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
«Қуаныш» волейбол клубы аудандардағы бапкерлермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Спорт мектебіне үміт күттіретін балаларды үнемі іріктеп отырады. Сондай-ақ, клуб үш жас санатындағы болашақ волейболшыларды дайындайды. Жалпы, әйелдер волейболы облыстағы 12 спорт мектебінде жүргізіледі.