«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстік Қазақстан облысына 10 мыңнан астам жұмыс күші көшіріледі – министр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Солтүстік Қазақстан облысында қанша жұмыс орны құрылатынын айтты. 

«Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында өңірге инвестициялар мен білікті мамандарды тартуға, жаңа өндіріс көздері мен жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты іс-шаралар қарастырылған. 2025 жылға дейін өңірде 97 мың, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар мен жеке кәсіпкерлердің бастамамалары бойынша 71 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Сондай-ақ кешенді жоспар аясында іске асырылатын жобалар бойынша 16 мың тұрақты және 10 мың уақытша жұмыс орны құрылады. Барлығы 69 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», – деді министр. Оның сөзіне қарағанда, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды ынталандыруға, демографиялық теңгерімсіздіктің және кері көші-қон сальдосының әсерін азайтуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылады. «Біріншіден, бизнес процесті оңтайландыру үшін бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешіммен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Екіншіден, қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерде бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшерін көбейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді С. Шәпкенов. Оның сөзіне қарағанда, жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеу бойынша шаралар қабылданады. «Жалпы, кешенді жоспарда қарастырылған іс-шаралар 2025 жылға өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіруге, демографиялық мәселелердің жақсаруына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді», – деді министр. Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Премьер-Министр Асқар Мамин кешенді жоспары өңірдің инфрақұрылымын жақсартатынын атап өтті.

https://www.inform.kz

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp