Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында СҚО-ның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайларын жақсарту мақсатында тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық әрі цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 307 тірек және спутниктік ауылдарда жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері және басқа да нысандар салынып, жөнделетін болады», – деді министр.
Оның айтуынша, қалалар мен ауылдарда 412 шақырым сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Бұл ретте 100% ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңірдің барлық қалалары, тірек және спутниктік ауылдары кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі. Шамамен 2 100 шақырым жолды жөндеу және реконструкциялау жүргізілетін болады, бұл 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 98 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Ә. Ерғалиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,8 трлн теңге.
https://www.inform.kz/