Еліміз бойынша 2016 жылдан жаңартылған білім бағдарламасы енгізілгелі тьюторлық қызмет жүйесі орнығып, алғышарттары қалыптаса бастады. Тьютор – ағылшын тілінен (tutor) енген сөз. Қазақша “қамқоршы”, “жәрдемші” деген мағынаны білдіреді. “Қызметті атқару үрдісінде балаға бағыт-бағдар беруші, білім беру процесін ұйымдастырушы маман” ретінде де қолданылады. Бұл ұғым XIV ғасырда Ұлыбританияның “Оксфорд”, “Кембридж” университеттерінде бастау алған. Ол кездері тьюторлық міндет университеттің тәлімгерлік формасы ретінде түсіндірілсе, қазіргі таңда қолданылу аясы кеңіп, білім берудің дәстүрлі практикалық үлгісімен біте қайнасып кетті. Балаға білім берумен қоса оның қоғамдық белсенділігі, жеке әлеуеті міндетті түрде ескерілуі тиіс. Тьютор-мұғалім оқытушы функцияларын әмбебап орындайтын тұлға ретінде оқытудың алғашқы кезеңінен бастап мектептің білім беру жүйесінде жетекшілік қызмет атқару құқығына ие болады. Оқушы үшін белгілі бір тақырыпты анықтап, алдына нақты мақсат-міндеттер қояды. Арнайы білім алу бағдарламасын құрастырады. Бүгінде тьюторлық қызмет зияткерлік мектептерде қолданылып жүр. Оның себебі, дарынды оқушылардың оқу бағдарламасын толық меңгеруіне жағдай жасау мақсатында мектептерде академиялық кеңесшілер – тьюторлар қызметі ұйымдастырылған.
Педагогтардың біліктілігін арттыру бағыты бойынша оқушының дербес білім алуын ұйымдастыруда тьютор-мұғалімдердің негізгі үйлестірушілік рөліне басымдық беріп отырмыз. Тьюторлық жетекшілікке үйрету, қыр-сырына қанықтыру түрлі семинарлар, курстар арқылы жүзеге асырылады. Пән мұғалімдерімен жеке әңгімелесіп-пікірлесу, тренингтер жүргізу олардың әрі қарай кіммен, қай бағытта жұмыс жасау керек екеніне бағыт-бағдар береді. Облыстық педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтынан қысқаша теориялық тағылым курстарынан өткеннен кейін тьютор-мұғалімдер оқушылардың ғылыми жобаларына қолдау көрсетіп, жетекшілік жасайды. Баланың дербес жұмыс істеуін қадағалап, белсенділігін арттырудың түрлі жолдарын қарастырады. Оқу нәтижелерін қалай пайдалану керектігін, оны өзін-өзі тәрбиелеу және өмір салтын қалыптастырумен қалай ұштастыру қажеттігіне ықпал етеді. Бұл ерекше педагогикалық позиция тьюторлық қызметтің айтарлықтай артықшылығы десе де болады. Тьюторлық іс-әрекетке оқушылардың жеке-дара білім бағдарламасын әзірлеуі де жатады. Жеке жауапкершілік, дербес шешім қабылдау жас тұлға үшін қай кезде де маңызды. Тікелей міндеті – көмектесу, жан-жақты танылуына мүмкіндік беру. Сыныптан тыс уақытта да іс-шаралар ұйымдастыруға атсалыса отырып, қосымша қызметтер атқару.
Соңғы кездері инклюзивті білім беру ісіне ерекше ден қойыла бастады. ТМД елдері арасында Қазақстан алғашқылардың қатарында білім алуы үшін ерекше жағдайды қажет ететін балаларға тең дәрежеде оқу оқытуды заңнамалық деңгейде рәсімдеп, мектептерде инклюзивті қолдау кабинеттері құрылды. Облыста да бұл саланың бір жүйеге келтіріле бастағаны қуантады. Өйткені, ерекше баланың арнайы мектептен гөрі жалпы ортада білім алуы оның дамуына әлдеқайда тиімді ықпал ететіні әлдеқашан дәлелденген. Т.Шақшақбаев атындағы тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған мектеп-интернаттың ерекше баланың дамуына ықпалы орасан. Мектептегі ұстаздар құрамы бірқатар әлеуметтік мамандармен толығып, балалармен дефектолог, психолог, логопед пен тьютор жұмыс істейді. Олардың ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне тигізетін септігі мол.
Қазір бұл термин білім беру жүйесінде кеңінен таралған. Шетелдік тәжірибені зерделесек, бірқатар Еуропа елдерінде тьюторлар мүмкіндігі шектеулі немесе дамуында ерекшелігі бар баланы әлеуметтік ортаға бейімдеумен айналысады. АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония сынды дамыған мемлекеттердегі тьютор баланың тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Соңғы бес жылда біздің елде де психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мақсат – ерекше балаларды қоғамның белсенді азаматы ретінде толыққанды тәрбиелеп шығару, әлеуметтік қолдауды қажет ететін мүгедек, жарымжан, денсаулығы дімкәс балаларды қалыпты ортаға бейімдеу. Бұл орайда, сауатты құрылған бағдарлама онда қамтылған мәселелердің нақты шешім табуымен маңызды. Сондықтан балаға медициналық-әлеуметтік, педагогикалық-психологиялық көмек көрсетуде, оларға қоғамнан өз орнын табуына жәрдемдесуде тьютор-мұғалімдер мен тьютор-мамандарды даярлау – маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, тьюторлардың қызметіне жүгінушілердің қатары күн санап көбейіп келеді. Келешекте кәсіби тьюторларға деген сұраныстың өсе түсері даусыз.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ облыстық филиалының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі.