«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асхат Аймағамбетов СҚО оқу орындарында қандай өзгерістер болатынын айтты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Солтүстік Қазақстан облысындағы оқу орындарында қандай өзгерістер болатынын айтты. 

«Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша «Жас маман» жобасы аясында 2021 жылы 9 колледжді жабдықтаймыз. 2025 жылға дейін жастарды кезең-кезеңмен 100%-ға дейін колледждерде ақысыз оқумен қамту жоспарланды. Ол үшін қосымша гранттар беріледі», – деді министр. Жоғары білім саласына тоқталған министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес М. Қозыбаев университетінде Академиялық артықшылық орталығы құралатынын айтты. «Қаражат инновациялық зертханаларды құруға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуды қаржыландыруға және басқа да бағыттарға беріледі. Осы бағытта бюджеттен 5 млрд теңге бөліну жоспарлануда. Сонымен бірге университетте республикалық бюджет есебінен 600 орындық екі жатақханана салу үшін 4,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұған қоса, қолданыстағы үш жатақханада 2,2 млрд теңгеге және бес оқу ғимаратында 2,4 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Осындай жоспарымыз бар. Сонымен осы университет толығымен модернизациядан өтеді деп айта аламыз», – деді А. Аймағамбетов. «Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша екі өңірлік жоғары оқу орнын құру жоспарының аясында Петропавл қаласында осындай университет құрылатын болады. Бұл университет әлемнің үздік университеттерімен бірге жаңа білім беру бағдарламаларын іске асырып, нәтижесінде біз өңірлік зерттеу орталығына ие боламыз. Онда озық зерттеу мен озық білім беру үшін жағдайлар жасалады», – деп нақтылады ведомство басшысы. Министрлік облыс аумағында жұмысқа тұрған «Серпін» бағдарламасы түлектерінің еңбекпен өтеу мерзімін 2 жылға дейін азайту бойынша өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Көрші елдердің жоғары оқу орындарынан М. Қозыбаев атындағы университетіне ауысатын студенттерге жыл сайын арнайы 200 білім грантын бөлу мәселесі қарастырылып отыр. Сонымен бірге М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне студенттердің келуін ыңталандыру үшін 2000 арнайы грант бөлінеді. Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.

https://www.inform.kz
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp