1957 жылғы 28 ақпанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Дәуқара ауылында дүниеге келген. 1963-1971 жылдары Дәуқара сегізжылдық мектебін, 1971-1973 жылдары Уәлиханов ауданындағы №2 Кішкенекөл қазақ орта мектебін бітірген. 1981 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген соң 1985 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» («Ленин туы») газеті редакциясында тілші және Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілші болып қызмет етті. 1985-1992 жылдары бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінің редакциясында меншікті тілші, ауыл шаруашылығы, партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушісі, редактордың орынбасары, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 1992-1997 жылдары Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы болды. 1997-2007 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясын басқарды. 2007 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Қызылжар – Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды.
К.И. Мұсырман – VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты. 2021 жылдан республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары.
«Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен наградталған. Қазақстанның құрметті журналисі.