Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары АӨК-те қандай нәтиже беретінін айтты.
«Сондықтан жаңа Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспары жобасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 17 іс-шара көзделген, оның ішіндегі 10 іс-шара – ірі инвестициялық жобалар. Алдағы бес жылда жалпы қуаты 29,8 мың бас болатын 52 тауарлық сүт фермасын, 3 бордақылау алаңын, 2 құс фабрикасын, құрамажем зауытын, жылыжай кешенін, май сығымдау және май экстракциялық зауыттарын, сондай-ақ жартылай фабрикаттар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр», – деді министр. Бұл жобаларды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы кредит беру жолымен және жеке инвестициялар тарту есебінен қаржыландыру болжанып отыр. «Бұл ретте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырудың ұсынылып отырған тетігі өз тиімділігін көрсетіп үлгерді, облыс әкімдігі өткен жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен кредит беріп келеді. Тек 2020 жылдың өзінде 4 млрд теңге сомасына 10 жоба қаржыландырылды. Осының арқасында бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы тауарлық сүт фермаларын салу бойынша көшбасшы болып отыр», – деді С. Омаров. Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыру бес жыл ішінде 575 млрд теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, биылғы жылдың өзіне 129,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделген. «Кешенді жоспар машина-трактор паркін жаңарту бойынша индикативті көздейді, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 6 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру облыста майлы дақылдар алаңын 1 млн гектарға дейін, сүт өндірісін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, майлы дақылдарды өңдеу үлесін 14%-дан 30%-ға дейін жеткізуге, сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктеуді 90%-дан 92%-ға дейін, ал ет өңдеу кәсіпорындарын жүктеуді 42%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,2 трлн-ға дейін жеткізіледі, еңбек өнімділігі 2,5 есеге ұлғайып, 1,6 мың жұмыс орны құрылады», – деді министр. Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Премьер-Министр Асқар Мамин жоспар өңірдің инфрақұрылымын жақсартатынын атап өтті.
https://www.inform.kz