«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР — БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы” Заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқылануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасы жұмыс топтарында қаралуда.

Жер тағдыры – ел тағдыры. Қазақ тарихына көз жүгіртсек үлкен толқулар осы жер мәселесі төңірегінде болған. Соңғы дау 2015 жылдың 2 қарашасында Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен басталғаны белгілі. Сол заңдағы 24-бапқа сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған болатын. Ал 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың, керісінше, құқығы шектелді. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін қазақстандықтар жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді. Бұл халық арасында наразылық туғызып, қарсылық шаралары өтті. Халықтың тілегіне құлақ асқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізген болатын.
Бұл мораторий үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Яғни, уақыт аз қалды. Жер кодексіне енгізілген шектеу біткен соң, қандай шешім шығады деген сауал әркімнің көкейінде жүргені анық. Сол күмәннің бұлтын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сейілткендей. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайтынын және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға жалға берілмейтінін кесіп айтты. “Қазақстандықтар үшін жер мәселесі өте маңызды. Жер – біздің мемлекеттілігіміздің белгісі. Мен шетелдіктерге жер сатылмайды деп бірнеше рет айтқанмын. Бұл туралы қауесеттерді тоқтату керек. Сондықтан мен нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, мен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға сатуға, жалға беруге заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты”, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шаралар Президенттің заңнамалық бастамасының көмегімен жүзеге асырылуы керектігін атап өтті.
Мәжіліске енгізілген жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасында жер қазақстандықтарға шаруашылық және фермерлік мақсатта 49 жылға дейін берілетіні айтылған. Егер жалға алушы өзге елдің азаматтығын алатын болса, жерді үш айдың ішінде мемлекетке қайтаруы керек. Сондай-ақ, қандастар қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Ал ауыл шаруашылығы жерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар. Жер кодексінің 171-бабына енгізілген өзгеріске сәйкес мораторийге дейін шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайды. Алайда, жерді пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдана алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері, агробизнес саласындағы азаматтар, сонымен бірге Парламенттің қос палатасының депутаттары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, “Атамекен” ҰКП-ның өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және журналистер енді. Құрамы 80 адамнан тұрса, 60 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар. Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселесіне байланысты ұсыныстарды әзірлеу міндеті тұр.
Комиссияның алғашқы отырысында жер қатынастары саласын дамытудың нәтижесінде кәсібін жермен байланыстырған ауылдағы халықтың әл-ауқатын арттыруға болатындығы атап айтылды. Сондай-ақ, алқалы топтың алда атқарылуы тиіс нақты міндеттері нақтыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының мәліметі бойынша 2016-2020 жылдар аралығында 15,4 млн. гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталған. Ал ауылдың малын жаюға 32 млн. гектардан астам жер жетіспейді екен. Көптеген агроқұрылымдар жалға алған жер телімдерін мақсатты пайдаланбауда. Алдағы уақытта ол жерлерді мемлекеттің қарамағына қайтару керектігі айтылды. Сондай-ақ, отырыс барысында жерді жалға алғандар туралы ақпараттың қолжетімділігі, Қазақстан азаматтығын беру тәртібін қатаңдату, қос азаматтық, жерді игере алмай, субарендаға беру, жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін нақтылау мәселесі де айтылды. Жиында Жер кадастры ашық болуы керектігі туралы сөз қозғалып, 10 сотық жер телімін беру, басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Жер комиссиясының отырысы әр апта сайын өткізілетін болады.
Еліміздің ең астықты өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 7 млн. гектар. Оның 4,9 млн. гектары – егістік, 2,1 млн. гектары жайылымдық алқап болып табылады. Қазір оған 794 серіктестік, 2908 шаруа және фермерлік қожалық иелік етіп отыр. Жер – еліміздің басты байлығы. Оны тиімді пайдалану арқылы кәдеге жарату – қасиетті парыз. Алайда, жерді мақсатты пайдаланбайтындар да бар. Атап айтқанда, соңғы екі жылдың ішінде жалға алынғанымен, мақсатты пайдаланылмай келген 315 мың гектар жер анықталған болатын. Оның басым бөлігін, яғни 255 мың гектарын жайылымдар құрайды. Осы уақыт аралығында 87 мың гектар жер мемлекеттің қарамағына қайтарылды. Оның 32 мың гектары егістік алқаптар болса, 60 мың гектары – жайылым.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының инспекторлары анықталған заң бұзушылықтар бойынша дайындалған материалдарды облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолдады. Ендігі кезекте өз жұмысына салғырт қараған агроқұрылымдар жер салығын он есе артық төлейтін болады. Бұл шаралардың нәтижесінде былтыр жергілікті бюджетке – 39,9 млн., ал жыл басынан бері 23,2 мың теңгенің салығы түсті.


Жалғас СҮЛЕЙМЕНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp