Санақшы дегенде алдымен, Алексей Пресняков орындайтын “Статистер маршы” әні еске түседі.
Осы өлеңде келтірілгендей әр саладағы өзгерістерді есептеп, кешегісі мен бүгінін саралап, халыққа ұсынатын кәсіп иелері – санақшылар. Қоғамда әр адамның өз рөлі бар, сол сияқты әр мамандықтың да өзіндік атқаратын міндеті бар. Көбі көз алдымызда істелетіндіктен, олардың еңбегінің жақсы не жаман жағы бірден білініп тұрады. Ал статистика қызметкерлерінің жұмысын бірден бағалай алмайсың. Тек халық санағы кезінде ғана есімізге түседі, оның өзінде үй-үйді аралап, түгендеп жүргендер статист емес, көбіне жалдамалы адамдар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ал нағыз санақшылар – күні бойы кеңседе отырып, түскен ақпараттарды қайта-қайта санап, талдап халыққа ұсынады. Олардың еңбегі қарапайым халыққа түсініксіздеу көрінгенімен, экономикалық жоспарлау тұрғысынан өте қажет. Сондықтан да бұл салаға есеп-қисапқа жүйрік, сараптау-талдау қасиетіне ие, ұстамды адамдар ғана барады. Саналы ғұмырын осы мамандыққа арнаған жандардың бірі – Ирина Родимова.
Ирина Федоровна 1963 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Мектепті тамамдағасын қалалық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Арнайы білім беретін оқу орнын аяқтаған соң қаламыздағы ауыр машина жасау зауытында техник-нормалаушы болып еңбек еткен. Қалада туып-өскен оның ауылда тұрамын деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Алайда, жұбайы екеуі Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Авангард” кеңшарына көшіп барады. Бұл жерде бухгалтер, экономист-қаржыгер болып еңбек етті. Жұмысына жауапты, есепке жүйрік Ирина Федоровна 2003 жылы статистика саласына бет бұруды ұйғарған.
– Алғашында өте қиын болды. Адамдар өздері жайлы ақпарат бергісі келмейтін. Әйтеуір, ауылдық жер болғасын бір-бірімізді танимыз, араласамыз, соның арқасында ғана біраз мәлімет жинадым. Көрші ауылдағылар танымайды, маңына жолатпайды. Мемлекеттік маңызы бар іс екенін түсіндіріп жүріп зорға жинайтынбыз. Қазіргідей компьютер, интернет деген жоқ, бәрін қаламмен толтырамыз. Бір қолда дәптер, бір қолда калькулятор жүреді, – деп еске алады Ирина Родимова өзінің алғашқы жұмыс істеген кезін.
2009 жылы еңбек жолын облыстық статистика департаментінің еңбек және үй шаруашылығын зерттеу статистикасы басқармасында жалғастырды. Екі жылдан кейін респонденттермен жұмыс басқармасының бас маманы лауазымына көтерілсе, 2012 жылдан бері тіркелімдер басқармасында еңбек етуде.
– Біздің жұмыстағы басты талап – салыстыру. Келген мәліметті тексеріп, салыстырып, қайта тексеріп барып қана жариялаймыз. Ауылдардан ауданға, одан бізге келеді, біз орталыққа жібереміз. Қате деген болмауы керек. Мүлдем. Сондықтан саған келген мәліметті, сен беретін ақпаратты 10-20 рет салыстырып барып қана жолдаймыз, – дейді бас маман.
Мемлекеттік статистиканың негізгі міндеті – пайдаланушыларды елдің экономикалық, демографиялық, әлеуметтік, экологиялық жағдайын объективті көрсететін статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету. Осы мәліметтер негізінде өсім динамикасы айқындалып, болашаққа жоспар құрылады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетті дамытудың жоспары әлеуметтік-экономикалық саясаты айқындалып, дамыту бағдарламалары жасалады.
Күнделікті жұмысынан басқа Ирина Родимова 2015 жылы ЮНИСЕФ әзірлеген халықаралық үй шаруашылықтарын зерттеу бағдарламасы болып табылатын мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің өткізілуіне қатысты. Бұл жоба балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық мақсаттар мен жаһандық міндеттемелерге қол жеткізудегі прогресті мониторингілеу үшін деректерді жинау құралы ретінде қолданылады. Облыстық деңгейде осы бағдарламаға атсалысқаны үшін ЮНИСЕФ-тің Алғыс хатымен, былтыр “Статистика үздігі” төсбелгісімен марапатталды.
Светлана БЕРКУТОВА,
Ұлттық статистика бюросының
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті
тіркелімдер басқармасының басшысы.