«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ÄZIL ÄLEMI

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметұлы: “Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім” деген екен. Бүгін оқырмандар назарына қазақтың белгілі ақын-жазушыларының өміріндегі зілсіз әзіл мен құрдастық қалжыңдарының топтамасын ұсынып отырмыз.

“Шыны көзбен қайттым”

Бірде партизан-жазушы Қа­сым Қайсенов пен Сәбит Мұқанов кезігіп қалады. Әдеттегідей Сәбең шұрқырай амандасады.
– Сәбе, Украинаға барып қайттым, – дейді Қасым Қайсенов.
– Дұрыс.
– Филатовтың ауруханасын­да болып қайттым.
– Дұрыс екен.
– Ауруханада көзіме опера­ция жасатып қайттым.
– Дұрыс болған.
– Сәбе-ау, мұның несі дұрыс, сау көзбен барып, шыны көзбен қайттым ғой!
Ә, онда дұрыс болмаған екен! – депті сонда Сәбең.

 

“Таспен ұрғанды, аспен ұр”

Атағы дардай қаламгерлердің бірі Бауыржан Момышұлына жолығып қалғанда:
– Бауке, мені М-ға мақтапсыз ғой? – дейді.
– Басқаларға айтып жүрсін деп мақтадым.
– Сөзіңіздің төркінін түсінбей тұрмын, Бауке.
– Тактика, батенька, тактика.
– Қандай тактика? – дейді анау.
“Таспен ұрғанды аспен ұр”, – деген екен Баукең сонда.

Құрдастарға бәрі де жарасады

Институтта оқып жүргенде Садықбек Адамбеков өзге этнос өкілдерінің жерлеу рәсіміне қа­тысып, трубада ойнап ақша табады екен. Сырбай Мәуленов Садықбекті аңдып тұрып, тапқан ақшасын бөлісіп сыра ішетін көрінеді. Тағы бір ақша тапқан күні Сырағаңды көре қалып Сәкең қаша жөнеліпті. Сонда Сырағаң соңынан:
– Садықбек-ау, ақшасыз болсаң қашпас ең,
Абырой бермес кәсібіңді таста сен!
Тартып алам қалтаңдағы арам ақшаңды,
Құдай айдап қолыма егер бір түссең, –
деп айқайлапты.

Шетен қалпақ

Ұлы Абайдың Әзімбайынан тарайтын ұрпағы Фатих Дінисламов ақындық, аудармашылық еңбегімен танымал болған. Көп жылдар “Жазушы” баспасында еңбек еткен.
Бірде Фатих жұмысқа шетен қалпақ киіп келіпті. Мұны көрген Сырбай Мәуленов:
“Қалпағыңыз шетеннен,
Келдіңіз бе шетелден,
Басыңыз да мықты екен,
Мұнша жүкті көтерген,
Ұрпағы деп Абайдың,
Айтпапты ел бекерден!” – деген екен.

“Талдықорғаннан табылды”

Бірде белгілі актер Қанабек Байсейітов Талдықорғанға са­мо­лет­пен ұшқалы тұрса ақын Қабыл Боранбаев кездесе кетеді. Әрі-бері сөйлескен соң, әңгімелері жарасып, Қанекеңмен бірге Қабыл да Талдықорғанға тартып отырады.
Содан Қабылды үй-іші шарқ ұра іздеп, әлекке түседі. Қабыл ақын Қалижан Бекхожинмен жақ­­сы араласады екен, үй-іші сол кісіге тауып беруге көмектесіңіз деп жалынады. Қалижан да мазасы кетіп, сұрастырмаған адамы қалмайды ғой. Ақыры күндердің бір күнінде ақын-жазушылар арасы әбден құлақтанып, дүрлігісіп жүргенде Талдықорғаннан Қабылдың өзі де келеді.
Сонда ақын әріптесін ойлап, алаңдап жүрген Сырбай Мәуленов:
“Қалижан іздеп Қабылды,
Қанша тәулік сабылды,
Қанабекке ерген сол Қабыл,
Талдықорғаннан табылды,
Боранбаев іздері,
Боранменен жабылды”, – деген екен.

 

Дайындаған
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp