Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, жиған-терген 7 млн және несиеге алған 5 млн теңгесінен айырылып қалды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық әйел ұлының оқуына деп депозитке ақша жинаған. Алайда интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, бір күнде бар қаражатынан айырылып қалды. Наурыз айының ортасында оған банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін және банктің менеджерімін деп таныстырған белгісіз ер адам мен қыз хабарласқан. Олар оның атына 7 минут бұрын бөтен адамның ірі көлемде несие ресімдегенін айтып, қала тұрғынын сендірген. Алаяқтардың әрекеттерінен қорғану үшін оған «есепшотты жаңарту» қажеттігін, яғни депозиттен ақшаны алып, жаңа ашылған есепшотқа салуды ұсынған. Жәбірленуші хабарласқан адамдарға көпке дейін сенбеген, банк филиалына баратынын айтқан. Алайда қылмыскерлер оны бұлай жасамауға көндіреді. Әйелге барлық қаражат қайтарылады деп уәде берген. Жәбірленуші алаяқтардың нұсқауын түгел орындап, өзінің 7 млн теңгеден астам ақшасын, алған несиесін бірнеше Qiwi-әмиянның есепшотына аударып жіберген. Жалпы алғанда қылмыскерлер 11 млн 865 мың теңгені қолды қылған. Алданғанын білген әйел полицияға жүгінді. Бұл факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. «Бүгінде «банктің қауіпсіздік қызметіненбіз» деп қоңырау шалу арқылы алдау – ең кең таралған тәсілдердің бірі. Оған қазір көбі сене бермейді, себебі адамдар киберқылмыскерлердің бұл амалы жайлы біледі. Соған қарамастан, кейде қаскөйлер өздерінің құрбандарына психологиялық қысым жасау арқылы шеберлік танытады. Телефон шалған жағдайда күмән туса, банк филиалына барып қана шоттың жағдайы жайлы білу керек. Нақты банк қызметкерлері қандай жағдай болмасын, ешқашан клиенттерге телефон арқылы қаржылық операциялар жасамайды, құпия деректерді атауды талап етпейді», – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев. Жалпы облыста жыл басынан бері 202 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның 52-сінде қылмыскерлер өздерін «банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкеріміз» деп таныстырған.
https://www.inform.kz