Жерлес зілтеміршілер Қостанайда ауыр атлетикадан өткен ел біріншілігінен олжалы оралды. Додада еліміздің түкпір-түкпірінен 17 жасқа дейінгі 300-ден астам спортшы бақ сынады.
55 килограмм салмақ дәрежесінде Александр Шпехт жұлқа көтеру сынында – 97, ал серпе көтеруде 125 килограмды еңсерді. Нәтижесінде алтыннан алқа тағынды. Денис Полубояринов болса, 67 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен зілтеміршілер арасынан үздік атанды. Ол серпе көтеруде 157 килограмды бағындырса, жұлқа көтеру сынында 128 килограмды еңсеріп, ел рекордын жаңартты. Осылайша, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауыр атлетикадан облыс құрамасының аға бапкері Ерік Әлібаевтің айтуынша, өңір зілтеміршілерін алда әлі үлкен сындар күтіп тұр.
– Биылғы жыл жарыстарға толы. Маусым айында Қазақстанның жастар ойындары өтеді. Бұған қоса, шілдеде Тәжікстанда жоспарланған әлем чемпионаты бар. Бұл бәсекеге толы сайыстарға Александр Шпехт, Денис Полубояринов пен Алина Колиушко қатыспақ. Спортшыларымызға үлкен сенім артылуда, – деді Ерік Кәрімжанұлы.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan»