«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМГЕ ШЕКТЕУ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан – ғасырлар бойына түрлі этностар мен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан бірегей ел. Бүгінде әлем Қазақстанды мәдениетаралық және конфессияаралық келісімнің орталығы ретінде таныды. Ислам, православие, католик, иудаизм, буддизм және басқа да діндерді ұстанушылар бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-діни қатынастардың моделі кез келген дінді ұстанып қана қоймай, сондай-ақ, өз діни көзқарасын еркін білдіру, өз на­нымдарына сәйкес әрекет ету немесе ешқандай дінді ұстанбау құқығын береді. Әрбір адам өзінің діни нанымына қарамастан заң алдында тең. Ал діни бостандықтардың шекаралары тек заңмен, азаматтардың өмірі мен денсаулығын және қоғамдық тәртіпті қорғау мүддесіне сай ғана нақты белгіленеді. Мемлекет діни ұйымдардың ішкі ісіне араласпауға (заң бұзылмаған жағдайда) кепілдік береді. Бұл мемлекеттің діни институттарға бейтарап екенін аңғартады. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, оның рухани тірегі болып қала бермек. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан діни бірлестіктер қызметіне шектеу жоқ. Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.
Заңмен тікелей белгіленген себептерден басқа діни қызметті шектеуге жол берілмейтіндігін атап өткен жөн. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей. Толеранттылық қағидаты діни нанымдарға құрметпен қарауды білдіреді. Республикамыздың мемлекеттік саясатындағы басты ұстаным – Қазақстан өзінің азаматтарына ғана емес, сондай-ақ оның аумағында заңды түрде жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да ар-ождан бостандығы мен діни сенім бостандығы құқығына кепілдік береді. Бұл ретте ар-ождан бостандығы жеке дара да, тиісті діни бірлестіктерді құру арқылы да іске асырылуы мүмкін. Тепе-теңдік қағидаты барлық діни бірлестіктер мен әртүрлі діни сенім өкілдерінің заң алдындағы теңдігін білдіреді. Зорлық-зомбылыққа, конституциялық құрылысты құлатуға, билікті ауыстыруға және тағы басқаға шақырмаса Қазақстан мемлекетінің заңын бұзбайтын кез келген діни бірлестік еркін жұмыс істей алады.
Еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген ішкі және сыртқы діни қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге тап болды. Алайда, дәстүр мен мәдениеттің бірегейлігін сақтай отырып, солардың бәрін еңсерді. Керісінше әлеуметтік-экономикалық өрлеуге ұмтылды.
Бүгінде Айыртау ауданында ислам, православие, католик дінін ұстанатын үш конфессия өкілдері бейбіт өмір сүруде. 36 мың тұрғыны бар ауданда діни бірлестіктер мемлекеттік органдармен өзара тығыз байланыс орнатып, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосуда. Соның арқасында көпконфессиялы және көпэтносты ортақ үйіміздің іргесі нығайды. Біз осыны мақтан тұтып, құндылықтарымызды сақтауымыз керек.

Жақсылық ЖҮСІПОВ,
Айыртау ауданы әкімінің орынбасары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp