Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізу құқығынан айырылған келіншек мас күйде рөлге отырып, ауыл көшелерінің бірінде аударылып қалды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау аудандық полиция бөліміне аудан орталығы Саумалкөлде «ВАЗ-21140» маркалі көліктің көшелердің бірінде аударылып қалғаны жайында хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары көлікті 34 жастағы әйелдің тізгіндегенін анықтады. Келіншек зардап шекпеген, ол рөлге мас күйде отырыпты. Медициналық куәландыру жүргізушінің ішімдік ішкенін растады. «Автоледи» бұған дейін көлікті спирттік ішімдік ішіп жүргізгені үшін көлік басқару құқығынан айырылған екен. Былтыр тағы да мас күйде көлік тізгіндеп, ұсталған. Ол жолы аудандық соттың үкімімен 2,5 жылға бостандығы шектеліп, өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салынған еді. Бұл да әйелге сабақ болмапты. Айтуынша, ол сол күні таныстарына бармақ болып шыққан. Жолда көлікті басқара алмай қалып, аударып алған. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді, көлік арнайы автотұраққа қойылды. «Былтыр осы әйелге қатысты қозғалған қылмыстық іспен жылды жаптық. Енді осы әйелдің ісімен жылды ашып отырмыз, бұл – алғашқы қылмыстық іс. Көлікті мас күйде жүргізу – қауіпті, көп жағдайда жол-көлік оқиғасына әкеледі. Ал бұл азаматша соттың үкімін, заң талабын орындамаған», – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешов.
https://www.inform.kz