«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мемлекет басшысы Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийартоны қабылдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді саяси диалогқа, дәйекті экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа, COVID-19 пандемиясының сын-қатерлері кезінде өзара қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестіктің жоғары қарқынын атап өтті.

Қазақстан Президенті биылғы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында онлайн режимде өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысқаны үшін Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанға ризашылығын жеткізуді тапсырды.

– Жүргізілген келіссөздер Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын Еуропа елдерінің ішінде бірінші болып Мажарстанда өз елшілігін ашты. Біздің қарым-қатынастарымыз ерекше. Қазақстандықтар Мажарстанды өте жақсы біледі. Сіздің еліңізді жақын тартады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін Премьер-Министр Виктор Орбанға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Петер Сийарто кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, өз елінің басшылығының сәлемін жеткізді. Осы ретте Будапешттің Қазақстанмен кешенді ықпалдастығын одан әрі нығайтуға, соның ішінде, Түркі кеңесінің әлеуетін пайдалана отырып тереңдетуге дайын екенін айтты. Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Түркістанның рухани астана ретіндегі маңызды рөліне тоқталды.

– Сіздің, Президент мырза және Елбасының Мажарстанда беделдеріңіз зор. Біз Қазақстан мен оның халқының достық, бауырластық қатынасын сезінеміз. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне бақылаушы ретінде қатысуымыз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Қазақстан біз үшін – маңызды стратегиялық серіктес, – деді Петер Сийарто.
Тараптар Виктор Орбанның 2019 жылы сәуірде Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар мәселені талқылады.


https://www.akorda.kz/ 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp