«Жоқшылыққа да, таршылыққа да, қара жұмысқа да төзген біздің жанымыз сірі екен. Қазіргі жастар шыдамайды. Сәл қиналса болды, дүниенің астаң кестеңі шыққандай күй кешеді. Бір ауыз сөзді көтере алмайтын жүйкелерің бар болсын. Біз ауыр сөзді жүрегімізбен, ауыр жұмысты білегімізбен көтердік емес пе?», – деген Қанипа әжейдің ашудан булығып шыққан дауысын төңірек түгел естімегенімен, құдайы көршісі Салиманың құлағы шалып қалды. Оның таңалакеуімнен қызылкеңірдек болып өз ойымен өзі арпалысып жүргені бекер емес. Кеше көпей баласы мен келіні болар болмас нәрсеге ұрсысып қалып, «біз бір бірімізбен тұра алмаймыз, шыдамымыз таусылды. Жолымызды екі арнаға бұрайық», – депті сөз арасында. Мұны естіген қария шағылған терезедей шытынамасын ба? Түймедей нәрседен түйедей бүлік шығаруға әуестеніп алған екеуінің де сазайын берді.
Қанипа әжей не көрмеді дейсіз? Жастайынан әке мен шешеден бірдей айырылды, жан бағудың қамымен өзінен он жас үлкен азаматқа небары он алты жасында тұрмысқа шықты. Сегіз перзентті болды. Ұжымшардың қара жұмысын да атқарды, егін де екті, жерді де жыртты. Күн ұясына батқанда екі ала дорбасын қос иығына асып алып «балаларым ашығып қалмады ма екен», деп үйіне жететін. Науқас енені де бақты, қайын атаның да қас қабағына қарады. Тіршілік қайта қайта қайнатқан сәттерде тағдырына налып, төзімін түгескен кезі жоқ. Керісінше, «Алла, осынша қиындықтан морт сындырмай алып келе жатқаныңа шүкір», дейтін таудың жырасындай әжім басқан бетін сипап.
Иә, жастардың шыдамсыздығына налып жүрген қарттар аз емес. Олардың айтып жүрген сын пікірлерінің де жаны бар. Шыны керек, біздер барға қанағат етуден, жоққа сабырлы болудан, қандай жағдай орын алмасын әліптің артын төзім деген ізгі қасиетіміз арқылы бағудан қалып барамыз. Қоғамда орын алып жатқан кемшіліктердің: екі жастың ажырасуының, ата ананы сыйламаудың, жұмыссыздықтың, ақшақұмарлықтың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауының бір себебі содан да болар. Шыдамдылық, сыпайылық, сабырлылық, кешірімділік, қанағатшылдық, кішіпейілділік, мейірімділік сезімдері жойылған қоғам қай жағынан болсын жетістікке жете алмайтынына тарих куә. Осы қасиеттер турасында ұлт ұлылары қалдырған асыл сөздер ұшан-теңіз. Көңіл аударып көрелікші. Заманында жан күйзелісін мол көрген ұлы Абай: “Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол. Асығыс түбі – өкініш, ойланып алмақ – сабыр бол”, – депті. Тағы бірде абыз ақын бірлікті, кішіпейілдікті, татулықты, әділетті аңсап: “Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, жетпесе біріңдікін бірің жеткіз! Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен, қиянатшыл болмақты естен кеткіз!” – дейді. Ал он бесінші ғасырда ғұмыр кешкен Шалкиіз жырау: “Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған, еріккенде қызыл тілін тыймаған. Ғақбытлы сол жаман, о-дағы бір пәлеге жолығар!”, – десе, Бұқар жыраудың: “Абылай ханның қасында, Бұқарекең жырлайды. Жырлағанда не дейді, соғыспа деп жырлайды. Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін, қылмаңдар жанжал-ерегіс. Бұл қылықты қоймасаң, Құдайдың бергеніне тоймасаң, көрерсің сонан теперіш», деген екен.
Жоғарыда біз сөз етіп отырған Қанипа әжейдің де көтеріп отырған тақырыбы сабыр, төзім. Мұндай қасиеттер бір отбасына ғана емес, тұтас елге керек. Әсіресе, айналамыз алақұйын болып жатқан қазіргі заманда. Қазақ қаралы күн басына түсіп, ауыр қаза болғанда бір-біріне демеу беріп, сабырға шақыратын. Сабыр өлім қасіретін сейілтеді, сананы нұрдандырады, кешірімділік деген ізгіліктің тамыр жаюуына септеседі. Бабаларымыз өмірлерінің басты ұранына айналдырған «сабыр түбі – сары алтын» екенін әрбіріміз, әсіресе, жауқасындай жастар естен шығармаса дейсің.
Майра ӘБДІМҰРАТҚЫЗЫ.