«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРДАҒЫ ДҮБІР ҚАРСАҢЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста биыл 4,3 млн. гектар алқапқа егін егілмек. Оның 22 пайызын майлы дақылдар құрайды. Атап айтқанда, 2,9 млн. гектарға бидай, 950 мың гектарға майлы дақылдар, 329,4 мың гектарға жемшөп егілсе 38,8 мың гектарға картоп пен көкөніс отырғызылмақ.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, көктемгі егіс науқанына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде.
– Биылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарына қызу кірістік. Шаруашылықтар техникаларын жаңартып, тыңайтқыштарын дайындалу үстінде. Алдағы жоспарымыз ауқымды. Биыл қарақұмық алқабын 2,4 есеге арттырып, 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Жергілікті агроқұрылымдар қажетті тұқыммен толық қамтылған. 479 мың тонна тұқым қоры бар. Егіс жұмыстарын жүргізуге 68,2 мың тонна дизель отыны қажет. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге оның литрі – 172 теңгеден сатылады. Жанар-жағармай жеткізетін операторлардың тізімі бекітілді, – деген Қуандық Нұрғазыұлы үстіміздегі жылы өңірдің аграрлық секторын дамытуға республикалық бюджеттен 45,2 млрд. теңге субсидия қарастырылғанын атап өтті. Оның 17,1 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына бағытталмақ.
Жыл басынан солтүстікқазақстандық диқандар 8,3 млрд. теңгеге 523 техника мен құрал-жабдық сатып алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артық. Өңір бойынша 2,5 млн. гектар алқапқа 160 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарланған. Әзірге 66,3 мың тоннаның келісімшарты жасалса, 61 мың тоннасына төлем жүргізілді. Фитосанитариялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 3,4 млн. гектар алқапты арамшөпке қарсы дәрілеу жоспарланған.
Жауапты науқанға әзірлікті жұрттан бұрын бастаған шаруашылықтардың бірі – «Токуши Grain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Агроқұрылымның жетекшісі Жомарт Омаровтың айтуынша, биыл қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында қар тоқтату жұмыстарын жүргізген. Ақпан-наурыз бойы қарлы боран тұрып, жауын-шашын жылдағы нормадан артығымен жауды. Ылғалдың жоғары болуы – биылғы көктемнің тағы бір ерекшелігі.
– Әр көктемнің өз ерекшелігі бар. Мәселен, былтыр 5-ші сәуірде алқаптарда қар болмай, 17 сәуір ылғал жабу жұмыстарын бастап кеткен едік. Ал биыл көктем кеш шығып жатыр. Алқаптарда қар көбесі әлі сөгілген жоқ. Қыста қар тоқтатқан жерлерде оның биіктігі 70-80 сантиметрге жетеді. Дегенмен, техникамызды сайлап жатырмыз. Пандемия салаға зиянын тигізбей қоймады. Нарықтағы қосалқы бөлшектердің бағасы орта есеппен 15-20 пайызға қымбаттады. Үкіметтің көктемгі егіске қажетті дизель отынының бекіткен бағасы нарықтағыдан 15-20 теңгеге арзан. Бұл да диқанға көмек, – дейді Жомарт Омаров.
Шаруашылықтың 7 мың гектар жері бар. Жыл сайын бидай, арпа, сұлы, зығыр және жасымық егеді. Былтыр қуаңшылыққа қарамастан, жақсы өнім алды. Бұған жазда алқаптарда арамшөпке қарсы дәрілеу жұмыстарының жүргізілуі және қажетті мөлшерде тыңайтқыштың сіңірілуі себеп болған. «Жердің ырзығын көру үшін жұмыс істеу керек. Сонда ғана нәтиже болады. Науқанның басталуы ауа райына байланысты. Менің ойымша, биыл көктемгі егіс бір аптаға кешігіп басталуы мүмкін. Жалпы егіннің бітік шығуына үш жағдай себеп. Ол – құнарлы топырақ, ылғал және күн сәулесі. Егер күн күрт ыситын болса, мамыр айының ортасында көктемгі егісті бастауымыз мүмкін», – дейді шаруашылық директоры.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp