«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ер дәулеті – еңбекте

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табысқа жетудің арнайы формуласы жоқ. Тіпті, ол үшін қалада тұру да маңызды емес. Мен сияқты ауылдың таза ауасымен тыныстап, жаныңызға жақын істі меңгерсеңіз жеткілікті.

Қазір менің жасым – жиырма алтыда. Кіндік қаным тамған – Ысқақ Ыбыраев ауылында “Дархан Айдосұлы” атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігім бар. Кәсіпорным үй, жол құрылысына қажетті қиыршақтас өндіреді.
Бала кезімде бизнеспен айналысам деген ойдың үш ұйықтасам да түсіме кірмегенін жасырмаймын. Мен құрдастарым секілді жоғары оқу орнын аяқтап, белгілі бір қызмет иесі атанамын деп шешкен едім. Сол мақсатта облыс орталығындағы жоғары оқу орнын есеп және аудит мамандығы бойынша тамамдадым. Өкінішке қарай, бұл салада жаныма жақын жұмыс орны жоқтың қасы еді. Сол себепті, біраз жыл бойы екі қолға бір күрек таба алмай әлек болдым. Ата-анамның үмітін ақтамадым деген үрей де мені әбігерге салды. Мұны әкем де байқаған болар, “жаңа бір істі бастасаң, жолың ашылады” деп, жігерлендіргені әлі есімде. Осылайша, туғандарымның кеңесімен кәсіп бастадым. 2016 жылы “Даму-аймақтар” қаржыландыру бағдарламасы аясында байқау жарияланып, Шал ақын ауданындағы карьерді ұтып алдым. Сол уақыттан бері құрылыс материалын дайындай бастадық. Бұл ретте университетте алған білімім экономика саласындағы біліктілігімді арттырды, іскерлік әлемге бойлай білуге, өмірімдегі ұстаным мен бағытымды айқындай түсіруге жәрдемдесті .
Алғашында бизнесті одан әрі дамыту үшін қолдағы бар қаражатты зауыттың жұмысына бағыттап, еңбегімнің жемісін көре бастадым. Айына 25-30 мың тонна қиыршықтас дайындасақ, жылына 70 мың текше метрін әзірлеп, құрылыс саласындағы мердігер компанияларға саудалаймыз.
Болашағы беймәлім бизнес саласы болған соң сәтсіздікке ұшыраған күндерім де болды. Десе де, мен жасымай адал еңбек етуге тырыстым. Араға 3 жыл салып, лизингке жүк тиегіш техника сатып алып, “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша субсидияланды. Оның шарапатын айқын сезіндік. Кейін 2020 жылы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстағы филиалына жүгініп, “Бизнес авто” жобасын пайдаланып, екінші деңгейлі банктен несие алдым. Олардың жалпы құны 20 млн. теңге болды. Мемлекеттік жобаның арқасында бұл соманың тек 12 млн. теңгесін өтедім. Қалған қаржы субсидияланды. Яғни, бағдарлама тиімділігі айқын сезіледі. Қазіргі уақытта материалдық-техникалық базамыз нығайып отыр. Ең бастысы – жұмыс күші жеткілікті. Қазірдің өзінде қиыршықтас зауытында 24 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Барлығы – ауылымыздың тұрғындары.
Қала мен кішігірім шалғай ауылдың мүмкіндіктері тең емес. Дейтұрғанмен бүгіндері әр азаматқа өзін-өзі дамытуға арналған түрлі тренингтер мен пайдалы семинарлар жетіп артылады. Олардың игілігін көрген кез келген адам жанына жақын кәсіпті игере алады. Қазіргі уақытта ауыл жастары үлкен шаһарлардағы құрдастарынан кем өмір сүріп жатқан жоқ.
Қазіргі жастарға айтар кеңесім – әр істі экономикалық сараптамадан өткізе білу керек. Яғни, бастайтын істі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, шығын мен кірісті дұрыс есептей білу қажет. Сонда ғана кәсібіңнің нәсібін көресің.

Дархан ЖҰМА,
кәсіпкер.
Шал ақын ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp