Солтүстік Қазақстан облысына сәуір айының соңына дейін 30 мыңнан артық коронавирус вакцинасы жеткізілмек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Айманов өңірде вакцинация науқанының қалай жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Нұрлан Бақдәулетұлының айтуынша, облысқа вакцинаның алғашқы партиясы – 1200 доза ақпан айының басында жеткізілді. Ол бірінші кезекте медициналық қызметкерлерге егілді. «Басында тұрғындар тарапынан сенімсіздік болды. Екпенің пайдасына шүбә келтірді. 1 сәуірдегі Мемлекет басшысының сөзінен кейін жағдай күрт өзгерді. Екі күнде 2200 адам вакцина салғызды. Жалпы өңір бойынша екпенің бірінші компонентін алғандар саны 7 мыңнан асады», – деді Нұрлан Айманов. Ал ертең вакцинаның кезекті партиясы – 7 мың препарат жеткізілмек. «Сәуір айының соңына дейін 30 мыңнан астам коронавирус вакцинасы әкелінеді. Денсаулық сақтау басқармасы барлық талаптарды сақтай отыра қабылдап алады. 13 сәуір тағы 7 мың доза жеткізіледі, одан кейін 7000, 2200, 9200 және 7 мың вакцина әкелінеді. Арнайы жарақтандырылған қоймаларымыз бар. Кейін оларды емханаларға бөліп береміз. Олар термоконтейнерлермен келіп алып кетеді. Барлығы вакцинаны сақтайтын қажетті қондырғылармен жарақтандырылған», – деді Нұрлан Айманов. 13 аудан және Петропавлдың 4 емханасында қазір 22 егу кабинеті бар. Жақында олардың санын 88-ге дейін жеткізу жоспарланған. «Вакцина алған адам коронавирус жұқтырмайды деген қате, алайда жұқтырғанымен ол жеңіл өтеді, асқынбайды. Сол себепті қарсы медициналық көрсетілім болмаса екпе алған жөн. Вакцина алу үшін алдын ала жазылу керек. Таңғы сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жазылуға болады. Қазір әр емхана интернет арқылы жазылуға болатындай қосымша дайындап жатыр. Вакцина түскесін медициналық қызметкер телефон арқылы хабарласып, қай күні, қай уақытта вакцина алуға болатынын айтады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы.
https://www.inform.kz