«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“TIKTOK”-тағы ТЕРІС ӘРЕКЕТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жасөспірімдер әлі оң-солын ажыратып үлгермесе де, смартфонның қыр-сырын ересектерден жақсы біледі. Әртүрлі әлеуметтік желілерге тіркеліп, хайп қуған олар түкке тұрғысыз контент жасап жүр. Соңғы уақытта ұл-қыздардың көңілін көгілдір экранға байлап қойған сондай пайдасыз желілердің бірі – “TikTok”.

“ТikTok” – 15 секундтық, әрі кетсе 1 минуттық қана қысқа музыкалық бейнероликтер, тікелей эфирлер жасауға және түрлі хабарлармен алмасуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желі. Оны ең алғаш 2016 жылы “ByteDance” атты қытайлық компания басшысы, 36 жастағы кәсіпкер Чжан Иминг “Douyin” деген атпен іске қосқан. “Douyin” әлеуметтік желісі 2016 жылдың қорытындысы бойынша төрт айдың өзінде 100 миллион қолданушыны жинап үлгерген. 2018 жылдың жазында оны халықаралық нарыққа арнап, “TikTok” деп бекітеді. Осы жылдан-ақ оның танымалдығы күн санап емес, секунд санап артып шыға келді. Сөйтіп, оны қазір бүкіл жаһан жұрты пайдаланады.
“TikTok”-тың кең қолданылуына Үндістан мемлекетінің тұтынушылары айтарлықтай әсер еткен. Себебі, бұл өзі музыкалық бейнероликтерден тұратын әлеуметтік желі болғандықтан, үнді жастары өздерінің музыкалық және би қабілетін көрсетуге аса құмар. Сөйтіп, Үндістан қолданушылары аталған әлеуметтік желінің төрттен бір бөлігін құраған. Дегенмен, мақтауы келіскен “TikTok” Қытай мен Үндістан арасындағы Кашмирдегі территория таласына байланысты “ақпарат ұрлайды, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді” деген себептермен былтыр Үндістанда шектелген 50 шақты сайттың тізіміне енді. Сондай-ақ, АҚШ-та да “Huawei” секілді Қытай коммунистік партиясы үшін қызмет етеді деп танылып, біраз шектеулерге ұшыраған. 2018 жылдың ақпанында АҚШ билігі “TikTok” әлеуметтік желісінде 13 жасқа толмаған балалардың мәліметтері (аты-жөні, телефон нөмірі, суреті және видеосы) заңсыз жиналады екен, бұл платформа алаяқтарды, педофилдерді және басқа да күмәнді тұлғаларды тарта бастады деп дабыл қақты. Аузын айға білеген алпауыт мемлекеттің бұл қосымшадан заңмен шегелеп тұрып бас тартқанымен, “TikTok”-тың қылы да қисаяр емес. Қазіргі таңда оның күнделікті аудиториясы 800 миллионнан асады. Бұл қарқынымен “Instagram” және “Facebook” әлеуметтік желілерін шаң қаптырып кететін түрі бар.
Мамандардың пікірінше, бұл – балаларды өз жастарынан ересек қылып көрсеткісі келетін платформалардың бірі. Мәселен, жартылай жалаңаш бойжеткендердің қимылдарын қайталағысы келіп билейтін жас қыздар да аз емес. Осындайда Зейнеп Ахметованың “Біз қыз баланың тәрбиесінің тізгінін босатып алдық” деген пікірі еріксіз ойға оралады. Одан сорақысы – тренд қуамыз, “жұлдыз” боламыз деп жарақат алып жатқандар, тіпті, құрбан болғандар да бар. Мәселен, Американың Колорадо штатында “Blackout Challenge”-іне қатысуға тырысқан оқушыға “мидың өлімі” диагнозы қойылды. Белгілі болғандай, ол өзін есін жоғалтқанға дейін тұншықтырып, сол сәтті видеоға түсірмек болған. Ақырында есінен танып қалған. Сондықтан ата-аналардың баласының не көріп, не қойып жатқанын біліп отырғаны дұрыс.

Мұхтар ХАҚНАЗАР.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp