Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны басталды. Еріген қар суы өңірдегі екі автожолды шайып кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өңірдегі су тасқыны бойынша брифинг өткізді. Ведомство басшысының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, құтқарушылар 25 наурыздан бері облыс әкімінің тапсырмасымен жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілді. «Сәуір айының бесінен бастап ауа райы жылынып, қар тез ери бастады. Кеше Есіл ауданы Горное елімекенінің маңында су облыстық маңызы бар автожолды шайып кетті. Жол үстінен өткен судың тереңдігі 5 см, ұзындығы 30 метр болды. Бүгін таңертең судың жолдан асып төгілу аумағы 10 метрге азайды.
Бүгін Шал ақын ауданында Волошинка-Сергеевка-Тимирязево бағытындағы республикалық маңызы бар КТ27 автожолының 40 км-де, Қаратал ауылына 4 км жетпей, алқаптардағы қардың еруінен су жолды шайып кетті. Жол үстінен өткен судың тереңдігі 15 см, 45 метр жерді алып жатыр. Бұл екі жолмен де көліктер еш кедергісіз жүріп жатыр. Жол қызметтері тиісті жол белгілерін қойды», – дейді департамент бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов. Департаментте жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Кеше тұрғындар көмек сұрап, 19 өтініш түсірген. Еріген қар суы үйлерге кірмеуі үшін мотопомпалармен сорылды, экскаватормен жыралар қазылды. Облыс бойынша, бүгінге дейін тұрғын үйлерге су кіру дерегі тіркелген жоқ.
«Ғ.Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында шағын өзендерде су молайып жатыр. Олар кейін Есілге құйылып, Сергеев су қоймасына келеді. Сергеев су қоймасында жағдай әзірге тұрақты, асып төгілуі үшін әлі 1 метр керек. Былтыр бұл уақытта ернеуінен асқан еді. «Қазгидромет» өзен-көлдердегі су деңгейі, ауа температурасы, топырақтың қатуы бойынша күнделікті хабардар етіп отыр. Көктемгі су тасқынының зардабын азайту мақсатында жергілікті атқарушы билікпен бірге жұмыстар атқарылып жатыр. Бірер күн бұрын екі топ Ғ.Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарына жіберілді», – дейді Мұрат Қанғожинов.
https://www.inform.kz