Биыл қар қалың түсіп, өңіріміздегі орман-тоғайларды мекендейтін жан-жануарларға да оңай болған жоқ. Қар бетіне қабыршақ мұз тұрып, елік, марал мен қабан сияқты тұяқтыларға қиынға соқты.
Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері арнайы топ құрып, аймақтағы жабайы жануарлардың жай-күйіне тексеріс жүргізді. Оған аталмыш басқарманың жануарлар дүниесі және балық ресурстары бөлімінің қызметкерлері мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері кірді. Облыста жыл сайын жабайы аңдарды қоректендіру үшін арнайы жем-азық қоры жасақталады. Ең қолайлы әрі құнарлысы – қайың мен терек бұтақтары. Және жануарларға тұз беріледі.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Ташимовтың айтуынша, аңшылық шаруашылығын жалға алған кәсіпкерлердің міндеттерінің бірі – биотехникалық іс-шараларды жүзеге асыру. Яғни, жем-азық дайындау, жолды қардан аршу. Биыл 25-28 наурыз аралығында топ 12 аңшылық шаруашылығында болды. «Волков», «Соколов», «Кондратов», «Пригородное», «Мамлют», «Меңгесер», «Мамлют-2», «Гусиное», «Тайынша», «Корнеевское», «Бескөл», «Красный бор» резервтік аңшылық шаруашылығы және республикалық маңызы бар «Мамлют» және «Смирнов2» қорықшасы тексерілді. Өлген жабайы жануарлар кездескен жоқ. Барлық жерде жем-шөп дайындалған, жолдардың тазартылғаны белгілі болды.
Жалпы өткен 3 айда бұл шаруашылықтарда жабайы аңдарға 5228,4 центнер шөп, 7051,85 центнер дәнді дақыл мен 206591 бума жапырақ және 13469 келі тұз шашылған.
Сағындық Мауғазин,
«Soltüstık Qazaqstan».