Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына шет елдерден 2132 адам ғана келіпті. Оның көбі – іргеміздегі Ресейден жолы түскендер. Туристер санының азаюының басты себебі – әлемді шарпыған індет. Түрлі салаға тұсау салып, көбін тұралатқан да осы атың өшкір коронавирус.
Былтыр індеттің зардабы тиген салалардың бірі – туризм. Соңғы жылдары шетелден гөрі ел аумағында демалып, көрікті жерлерді тамашалауға бет бұрған қазақстандықтар саны артып келеді. Бірақ шектеу шараларының салдарынан туристер саны күрт азайды. Соның өзінде, өткен жылы өңірімізге басқа аймақтардан 102 632 адам ат басын бұрған. Әлемді әуреге салған коронавирустың әлегі біздің обыстағы туризм саласына қалай әсер еткені жайында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының туризм және лицензиялау бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдиновті әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, былтыр Имантау мен Шалқар көлдерінің жағасында төрт нысан ашылған. Олар: «Адель», «Тихая заводь», «Имантау», «Тұрпан» демалыс орындары. Ал биыл 8 туристік нысан пайдалануға берілмек. «Көл жағасындағы үй» мен «Солнечное VIP» демалыс орындары кеңейтіліп, жаңа кешендер ашылады. Салаға құйылған инвестиция да аз емес, кәсіпкерлер 3,1 миллиард теңге салыпты.
Біздің өңірге ат басын бұрған туристердің негізінен баратын орындары «Абылай хан резиденциясы», облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Айғаным қонысы», Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен және «Ботай» қонысы мен ботаникалық бақ. Ал белсенді демалысты қалайтындардың таңдауы «Green Park» элиталық отбасылық парк-отелі, «Нептун» аквапаркі мен Шалқар-Имантау курорттық аймағына түседі.
Сағындық Мауғазин,
«Soltüstık Qazaqstan».