2006-2008 жылдары туған спортшылар арасындағы белбеу күресінен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл дода жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты Абай Тасболатовтың құрметіне ұйымдастырылған болатын.
Ел біріншілігіне он облыс пен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан 205 балуан қатысты. Жарыс екі күнге созылды. Бозкілемде жасөспірімдер мен бойжеткендер өзара мықтыны анықтады.
Белбеу күресінен облысымыздың аға жаттықтырушысы Уәлихан Дәуренбековтің айтуынша, солтүстікқазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетті. Чемпионатта өңір намысын 23 спортшы қорғап, оның 10-ы жүлдегер атанды. Дүбірлі додада Әділет Мұрзаш (+73 кг.) пен Ольга Маркелова (56 кг.) күміске қол жеткізсе, Кенжебек Қасымбеков (38 кг.), Арина Нейман мен Анастасия Плешакова (36 кг.), Арина Сатеева (40 кг.), Аида Кикбай (45 кг.), Анна Стратан (50 кг.), Анастасия Нарышкина (63 кг.) және София Попова (+63 кг.) қола медаль тағынды.
Аманжол НҰРТАЗИН.
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген: Талғат ТӘНІБАЕВ.